Жалпыұлттық коалиция мүшелері дипломаттармен кездесті

Жаңа Конституция жобасында ұлттық мүдде мен халықаралық құқық арасындағы теңгерім сақталған. Ата Заң жобасы халықтың қолдауына ие болса, сыртқы саясатқа қатысты жылдар бойы жауыр болған түйіткілдер тарқайды.

Жалпыұлттық коалиция мүшелері Сыртқы істер министрлігінің ұжымымен кездесуде осылай деді. Олардың айтуынша, жаңа Конституция жобасында ұлттық заңның халықаралық шарттардан биік тұратыны анық жазылған. Егер өз мүддеміз бен шетелдік келісімдер арасында қайшылық туындаса ол Қазақстан пайдасына шешіледі. Бұл өзгерістің дипломаттар жұмысына елеулі әсері бар. Жалпыұлттық коалиция мүшелері тың бастамаларды түсіндіріп, өзекті сұрақтарға жауап берді. Құжаттағы өзгерістердің өзге де мәселелеріне тоқталып, артықшылықтарын жіпке тізді. Басқосуға Қазақстанның шетелдегі елшіліктерінің ұжымы онлайн қатысты.

Айдос Сарым, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Халықаралық қатынастар туралы, халықаралық құжаттар, ратификациялар туралы заңнаманың бәрі өзгеріске түседі. Өйткені Конституциядағы ең басты жаңалықтардың бірі – Конституция мен заңдардың шетелдік, халықаралық құжаттардан, келісімшарттардан биік тұрғаны туралы принциптің басты жазылуы. Сол себепті де коалиция мүшелерінің Сыртқы істер министрлігіне келіп, әріптестермен келісіп, пікірталасқанымыз да заңды құбылыс.