Адами капитал – мемлекеттің негізгі тірегі

Қазақстан ғылым мен инновацияны басты стратегиялық бағыттардың қатарына қосып отыр. Ал жаңа Конституция жобасы осы жоспарды құжат жүзінде бекітіп, оның жүзеге асуына берік құқықтық негіз қалыптастырады.

Елордада өткен сараптамалық алаң отырысына қатысушылар осылай деді. Жиынға депутаттар, саясаттанушылар мен зиялы қауым өкілдері қатысып, институционалдық өзгерістердің әсерін талқылады. 

Мемлекеттің басты тірегі − тұрақтылық пен білімді ұрпақ. Жаңа Конституция жобасында адам капиталын дамыту басты басымдыққа айналып, білім, ғылым және инновация салалары стратегиялық бағыт ретінде айқын шегеленді.  Саясаттанушы Ғазиз Әбішев сессия барысында мемлекет пен білім беру жүйесінің зайырлы сипатын сақтаудың маңызына тоқталды. Оның айтуынша, бұл нормалар ар-ождан бостандығын қорғап, дінді саясаттандырудың алдын алуға және қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталған.

Ғазиз Әбішев, саясаттанушы:

- 2007 немесе 2016 жылдардағыдай Парламент қабырғасында ғана шешілетін кезең артта қалды. Бүгін әрбір азамат бюллетеньді қолымен ұстап, өз таңдауын жасайды. Жастар бүгіннен бастап жауапкершілік жүгін арқалап, ел тағдырын өз қолына алуды үйренуі керек. Референдум – сол үлкен мектептің алғашқы белесі.

Қазіргі заман ағымында адами капитал жай ғана ресурс емес, мемлекеттің ең басты стратегиялық байлығына айналды. Сарапшылар ғылым, білім және инновацияны дамытуды Конституция деңгейінде бекіту маңызды деп санайды.  Соның арқасында Қазақстан «білім экономикасына» қадам баса алады.

Гүлісхан Нахбаева, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры:

- 3-бабында ғылым, білім, инновация, технология деген салалар басты стратегиялық бағыттардың бірі болып саналады. Демек біздің еліміз сыртқы шикізатқа емес, жалпы адами ресурстарына көңіл бөлу керек деген сөз. Өздеріңізге белгілі қазіргі уақытта жастар арасында ғылыммен айналысып жүрген жастарымыз көбейіп келеді. Ғылыми-зерттеу орталығының зерттеулеріне сәйкес, жастардың 86 пайызы осы білім саласына қанағаттандырылған екен.

Сарапшылардың пікірінше, жаңа Конституция жобасы жай ғана заңдар жиынтығы емес, еліміздің ұзақ мерзімді дамуын айқындайтын басты стратегиялық құжат. Ол мемлекеттің бағдарын белгілеп, жаһандық өзгерістер кезінде басқару жүйесінің тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді. 

Авторлары: Наргиз Бекмағанбетова, Мұрат Әріпханов