Ата заң - азаматтармен адами қарым-қатынас түзудің жарқын көрінісі

Ата заң жобасы – азаматтармен адами қарым-қатынас түзудің жарқын көрінісі.

Қазіргі Конституцияда азаматтың мемлекетке келтіретін зияны жөнінде жазылған, ал жаңа Ата заң жобасында адамға зиян келтіргені үшін мемлекетке жүктелетін жауапкершілік туралы норма пайда болды. Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі жиында осындай мысал келтірді. Яғни бұдан былай әр адам мемлекеттік органның немесе лауазымды тұлғаның заңсыз әрекеті арқылы келтірілген зиянды мемлекеттен өтеп алуға құқығы бар. Сондай-ақ жемқорлардың, тіпті олардың соттылығы заңда белгіленген тәртіппен жойылғанына немесе алынғанына қарамастан, сайлануға құқығы жоқ. Бұдан бөлек елде дербес деректер мен цифрлық құқықтың қорғалуына кепілдік беруді Негізгі заң деңгейінде бекіту жоспарланып отыр».

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев

«Тұрғын үйге қол сұғуға болмайды» деген бап та әділдік қағидатына толық сай келеді. Жаңа Конституция жобасында «Сот шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға және шығарып жіберуге жол берiлмейдi» деп нақты жазылған. Негізгі заңда адвокатура институты бекітіліп, сондай-ақ Миранда ережесі енгізіледі. Бұрын-соңды мұндай болған жоқ. Осы арқылы азаматтың сотта қорғалу және заң көмегін алу құқығына мемлекет беретін кепілдік күшейеді. Жеке өмірге қол сұқпау құқығын Конституция деңгейінде бекіту ұсынылды. Бұл жерде тек жеке салымдар мен жазысқан хаттардың құпиясын заңмен қорғау туралы сөз болып отырған жоқ. 

Алғаш рет білім мен ғылымды, инновацияны дамыту мемлекет қызметінің конституциялық қағидаты ретінде танылмақ. Мемлекеттің, әсіресе білім беру жүйесінің зайырлы сипатқа ие болуы айрықша маңызға ие. Біз төрткүл дүниенің дарындарын өзімізге тартып, инвестициясын игеретін мықты елге айнала аламыз. Оған әлеуетіміз жетеді. Қасым-Жомарт Тоқаев "бұл адам капиталының сапасын арттыру бағытындағы жұмыстың маңызды бөлігі деді. Сондықтан зияткерлік меншікті тұңғыш рет Конституция деңгейінде қорғау ұсынылып отыр. Бұл өз кезегінде креативті экономиканың дамуына тың серпін береді. Сондай-ақ жекелеген аумақтар мен «қарқынды дамитын қалалар» үшін арнаулы құқық режимін белгілеу ұсынылып отыр.

Цитата: Қасым-Жомарт Тоқаев

Жаңа Конституция жобасында орыс тілінің мәртебесін төмендетіп жатыр-мыс деген күңкіл әңгімеге қатысты да осыны айтуға болады. Бұл жайында жазылған мақалаларды оқудың өзі қызық. Стилистикалық және грамматикалық қателерден аяқ алып жүре алмайсың. Жарияланым авторлары орыс тілі үшін қам жейді, бірақ өздері оны дұрыс меңгермеген.Түптеп келгенде жаңа Конституция мәтінінің ресми құжат ретінде бірдей заңды күшке ие қазақ және орыс тілдерінде жариялануы көп нәрсені аңғартпай ма? Бұл жерде түсініктеме беріп, ақталудың өзі артық.