БҰҰ-да әйелдер мәртебесі талқыланды

Гендерлік теңдікті қолдауға бағытталған қаржылық және құқықтық шаралар – қоғамның тұрақты дамуына салынған маңызды инвестиция.

Біріккен Ұлттар Ұйымының мінберінде сөз алған Қазақстанның Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова осылай деп баяндама жасады. Нью-Йоркте өтіп жатқан Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссияның 70-сессиясы Әйелдер мен қыздардың құқықтық қорғауға қол жеткізуін қамтамасыз етуді және оны күшейтуді көздейді. 

Ердана Ержанұлы, тілші:

- Нью-Йорктегі Біріккен Ұлттар Ұйымының штаб-пәтерінде дәл қазір әйелдердің құқықтары мен гендерлік теңдік мәселесіне арналған ең ірі халықаралық жиын өтіп жатыр. Әлемнің 200-ге жуық елінен келген министрлер, дипломаттар мен сарапшылар әйелдердің заң алдындағы құқығы, саяси шешім қабылдауға қатысуы және зорлық-зомбылықтан қорғау мәселелерін талқылап жатыр. Қазақстан атынан Конституциялық Сот төрағасы Эльвира Әзімова сөз сөйлеп, гендерлік теңдікті ілгерілету елдегі негізгі мемлекеттік басымдықтардың бірі екенін жеткізді.

Эльвира Әзімова, ҚР Конституциялық Сот төрағасы:

- Гендерлік саясатты ескеріп, бюджет бөлу, заңгерлік көмекті қаржыландыру және әйелдердің сотқа әділ әрі еркін жүгінуіне жағдай жасау – жай шығын емес. Бұл – қоғамның тұрақты дамуына және елдің өркендеуіне салынған маңызды инвестиция. Қазақстан бұл бағыттағы жұмысты барлық мүше мемлекеттермен, Біріккен Ұлттар Ұйымының құрылымдарымен және халықаралық серіктестермен бірлесіп жалғастыруға ниетті.

Сондай-ақ Эльвира Әзімова әйелдердің экономикалық мүмкіндігін кеңейту мен білім мен әлеуметтік қызметтерге тең түрде қолжеткізуін қамтамасыз ету бағытында жүйелі саясат жүргізіліп жатқанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, қазіргі таңда Қазақстанда әйелдер еңбекке қабілетті халықтың елеулі бөлігін құрайды, ал бір миллионнан астамы шағын және орта кәсіпкерлік саласын дөңгелетіп отыр. Халықаралық мінберде Бейжің декларациясының 30 жылдығымен қатар әлем елдерінде әлі күнге дейін кездесетін қиындықтар да аталды. Ауғанстаннан бастап Жер шарының басым мемлекеттерінде кездесетін заң саласының әйелдерге қатысты олқылықтары ашық сыналды.

Антониу Гутерриш, БҰҰ бас хатшысы:

- Әйелдер мен қыз балалар үшін әділет орнату – болашақтың басты шарты. Теңдік – дамудың негізі. Бұл халықаралық құқықта әлдеқашан бекітілген. Әйелдер өз құқықтарын толық пайдалана алғанда қоғам да алға басады. Ал құқық қорғалмаса, теңсіздік күшейіп, даму тежеледі. Бұл – бүкіл әлемге ортақ мәселе. Алайда Ауғанстандағы жағдай ерекше алаңдатады. Әйелдер қоғамдық өмірден шеттетіліп, тіпті Біріккен Ұлттар Ұйымы ғимараттарына кіру мүмкіндігінен айырылып отыр. Бұл – әділеттің іс жүзінде бұзылуы. Ал әділетсіз жерде даму да болмайды.

Анналена Бербок, БҰҰ Бас Ассамблеясының президенті:

- Биылғы Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссия сессиясының басты тақырыбы әділет. Бұл бүгінгі кезеңде – аса өзекті мәселе. Әйелдер құқығы үшін күрес – әділет үшін күрес. Әлем бойынша әйелдер ерлерге берілген заңдық құқықтардың тек үштен екі бөлігіне ғана ие. Дүниежүзі елдерінің 54 пайызында зорлау фактісін анықталды. «Әйелдің еркінен тыс жасалған зорлық-зомбылықтың» өзі негізгі құқықтық өлшем ретінде саналмайды. 72 пайызында қыз балалардың ерте тұрмыс құруына жол беріледі. 44 пайызында ерлермен бірдей еңбекке ақы төлеу талабы міндеттелмеген. Бұл – жай ғана олқылық емес, саналы түрде қабылданған шешімдер. Мұндай жағдай халықаралық құқық қағидаттарына және ондаған жыл бойы қабылданған міндеттемелерге қайшы келеді.

Қазақстандық делегация Бас Ассамблея залындағы жиынмен қатар заң саласындағы шетелдік әріптестермен де көпжақты кездесулер өткізіп жатыр. Әйелдер мәртебесі жөніндегі комиссияның биылғы сессиясы 19 наурызға дейін жалғаспақ. Осы уақыт аралығында қатысушы елдер гендерлік теңдікке қатысты ортақ ұсынымдар әзірлеп, әйелдер мен қыздардың құқықтық қорғалуын күшейтуге бағытталған халықаралық міндеттемелерді тағы бір пысықтайды. Қабылданатын қорытынды құжат кейін көптеген мемлекеттердің әлеуметтік және құқықтық саясатына бағдар болмақ.

Авторлары: Ердана Ержанұлы, Эндрю Фанг