Ғылыми қауымдастық Конституция жобасын талқылады

Жаңа Конституция жобасында ғылым, білім, адами капитал және инновация мемлекет дамуының стратегиялық өзегіне айналған.

Әсіресе қазіргі заманғы сын-қатерлер жағдайында конституциялық нормаларды жаңарту ел  дамуына оң әсер етеді. Алматылық ғылыми қауымдастық өкілдері осылай дейді. Қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен өткен дөңгелек үстелде жаңа Ата заңның жобасы талқыланды. Басқосуда зиялы қауым өкілдері, сарапшылар, ғалымдар өз ойларын ортаға салды.

Алматы бұрыннан еркін ойдың, шығармашылықтың, ғылыми пікірталастың және жаңа идеялардың орталығы. Дәл осы жерде өтетін сараптамалық кездесулер мен талқылаулар еліміздің конституциялық дамуына маңызды үлес қосатыны анық. Қала әкімінің айтуынша, сондықтан әрбір пікір аса маңызды.

Дархан Сатыбалды, қала әкімі:

- Конституция әр кезеңде қоғам сұранысына жауап беріп, уақыт талабына сай жаңарып отыруы тиіс. Өмір өзгереді. Заман жаңғырады. Ұрпақ ауысады. Мемлекет те, қоғам да үнемі даму үстінде. Жаңа тарихи жағдайлар, жаһандық өзгерістер, экономикалық және технологиялық трансформациялар ел басқарудың жаңаша бағыттарын талап етеді.

Жиында Президент жанындағы Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев жаңа конституциялық модель  елдің болашағына ерекше бағыт-бағдар беретінін атап өтті.

Ақылбек Күрішбаев, ҚР Президенті жанындағы ҰҒА президенті:

- Еліміздің даму бағыты табиғи байлықтарға ғана емес  ең алдымен адами капиталына білімді ұлт пен зияткерлік әлеуетке сүйенуі тиіс деген көзқарасты көрсетеді. Өйткені әрбір көшбасшы мемлекеттің даму кілті, даму құпиясы ғылымда, инновацияда, білімге негізделген экономикада.

Бұған дейін сарапшылар мен ғылыми қауымдастық жоғары оқу орындарында, ғылыми орталықтарда және сараптамалық клубтарда Конституциялық реформалардың мәні мен маңызын жан-жақты талқылады.

Авторлары: Қарлығаш Қайыпбекова, Айдос Қалиев