БҚО-да «Сапалы бизнес – ел тірегі» акциясы басталды

Батыс Қазақстан облыстық сауда департаменті жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасына заңда белгіленген 15 пайыздан артық үстеме қосқан 30 кәсіпкерді жауапкершілікке тартқан.

Мамандардың айтуынша, қазіргі таңда баға тұрақты бақылауда, ал нарықтағы ахуал қалыпты деңгейде. Өңірдегі жергілікті тауар өндірушілер де бағаны тұрақты ұстауға атсалысып отыр. Олар өз әріптестерін өнім құнын негізсіз өзгертпеуге шақырады. Осы мақсатта жуырда «Сапалы бизнес – ел тірегі» атты акция басталды. Аталған бастамаға қосылған кәсіпкерлер тұтынушыларға сапалы әрі қолжетімді өнім ұсынуға ниетті. 

Заманбек Қазиев өзінің шағын өндіріс орнын осыдан 5 жыл бұрын ашыпты. Қазір мұнда 10 адам еңбек етеді. Күн сайын ұннан жасалған жаймалар сауда сөрелеріне жол тартады. Кәсіпкер тек жергілікті супермаркеттермен жұмыс жасап қоймай, Алматы, Атырау қалаларына да өнім жөнелте бастаған. Соңғы жылдары тауар бағасын еш өзгертпеген.

Заманбек Қазиев, кәсіпкер:

- Енді салықтың көтерілуі барлық кәсіпкерлерге өз әсерін беретіні анық. Бірақ та біздер отандық шикізаттарды пайдалана отырып, ҚҚС көтерілсе де бағамызды ұстап қалуға тырысып отырмыз. Себебі тұтынушыларымыздың мүмкіншіліктерін ойлап, сол бұрынғы бағада қаламыз деп шештік. Әзірге көтеру ойда жоқ. Біздер ұнды да, жұмыртқаны да Оралдан аламыз.

Заманбек өзге де кәсіпкерлерді «Сапалы бизнес- ел тірегі» акциясын қолдауға шақырады. Кәсіпкерлердің бағаны өсірмеуіне мемлекет қолдауы да әсер етуде. Мәселен «Даму» қоры арқылы жыл сайын жүздеген бизнес-жоба қаржыландырылады.

Тарас Шалыга, «Даму» Кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ облыстық филиалының директоры:

- Өткен жылы біздің қорымыз 48,3 млрд теңгеге несие алған 500-дей жобаға қолдау көрсетті. Соның бірі - «Рахим» жеке кәсіпкері. Олар қазір «Сапалы бизнес – ел тірегі» акциясына қатысуда. Биыл салық заңдылығына өзгерістер еніп, қосымша құн салығы көтерілгенімен, жергілікті тауарлар бағасына ол айтарлықтай әсер етпеді деуге болады. Өйткені кәсіпкерлерге мемлекет қолдауы жеткілікті.

Мамандар құнсыздануға негізінен шеттен келген тауарлардың бағасы ықпал ететінін айтады. Ол көбінесе тасымалдау құнына қатысты екен. Ал әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің бағасы қатаң бақылауда.

Эльмира Қиматова, БҚО Сауда және тұтынушылар құқын қорғау департаментінің басшысы:

- Заңмен белгіленген 15% сауда үстемесінің мөлшерін асырып сату фактілері және сондай құқықбұзушылыққа жол берген кәсіпкерлерді әкімшілік жауапкершілікке тарту ағымдағы жылдың өткен кезеңінде департаментпен бұндай фактілер бойынша отыз хаттама толтырылып,  отыз жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл кәсіпкерлердің ішінде ірі сауда компаниялары бар.

Батыс Қазақстан облысындағы кәсіпкерлер саны соңғы жылда 3 % өскен. Күні бүгін өңірде осы салада 120 мың адам жұмыспен қамтылған.

Авторы: Е.Әбіш, Болат Жарылгасов, Эльдар Аюпов