Референдумға дайындық барысы

Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әбдіров республикалық референдумды байқау үшін келген халықаралық және шетелдік сайлау органдарының өкілдерімен кездесті.

Жиынға ТМД бас хатшысының бірінші орынбасары, Ұжымдық қауіпсіздік шарты жайлы ұйымның атынан Қырғыз Республикасы Жоғары сот кеңесінің комитет төрағасы қатысты. Сонымен бірге кездесуде Түркі мемлекеттері Парламенттік Ассамблеясының Бас хатшысы да болды. Басқосу барысында Нұрлан Әбдіров шетелдік әріптестерін республикалық референдумға дайындықтың негізгі бағыттарымен таныстырды. Бүгінге дейін референдумды байқау үшін 38 мемлекет пен 11 халықаралық ұйымнан барлығы 359 байқаушы аккредиттеуден өтті.

Игорь Петришенко, ТМД Бас хатшысының бірінші орынбасары:

- ТМД байқаушылар миссиясы Қазақстандағы республикалық референдумды байқау жұмысын 24 ақпаннан бастап бастады. Қазіргі уақытта ұзақ мерзімді байқаушылар Астана мен Ақмола облысынан бөлек, Алматы қаласы, Қарағанды облысы және басқа өңірлерде референдумға дайындық барысын бақылап жатыр. Орталық референдум комиссиясының төрағасы Нұрлан Әдбіровпен кездесу барысында халықаралық байқаушылардың жұмысына қатысты барлық мәселелерді егжей-тегжейлі талқыладық. Сондай-ақ бүкілхалықтық референдумға қатысуға құқығы бар әрбір азаматқа қажетті жағдай жасау мәселелері қаралды.