Кимешек киген әжелер керуені

Ақтөбе көшелерін «Қамажай» керуені аралап жүр. Кимешек киген әжелер «Қамажай» әнін шырқап, оларға ақ жаулықты келіндер, бұрымды арулар қосылды.

Өңірде Наурыз тойы басталып кеткен. Жыл басы – Амал мерекесі кірді. 

Халық әнін қалықтата шырқап келе жатқан кимешекті әжейлер Наурыздың жаршысына айналған. Амал мерекесі қарсыңында көше аралап шыққан керуен ән айтып, би билеп, мерекенің сәнін келтіреді. Кезіккен жанға мерекелік көңіл-күй сыйлайды.

Талжібек Абашева, қала тұрғыны:

- Бастама өте керемет болды. Бұл деген қазақтың ұлттық дәстүрін марапаттағаны, соны жалғастырғаны. Жастарға үлкен өнеге. Біздің еліміз аман болып, биіктен көріне берпейік. Жастар биік белестерді бағындыра берсін.

Мерекелік шеру ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған. Сондықтан биыл кимешек киген әжелерге ақ жаулықты аналар мен қылықты қыздар қосылды. Алты ай қыстан аман шыққан ағайын Амал мерекесінде жүздесіп, құшақ жая көрісті. Алқалы жиында ақ батасын берген ақсақалдарға келіндер сәлем салып, халқымыздың тағылымды салт-дәстүрі көрсетілді.

Арман Жиенәлиев, Мәдениет үйінің директоры:

- Бірінші жылы біздер кимешек киген 100 әжені ұйымдастырдық. Былтыр кимешек киген 100 әже және қасына орамал таққан 100 келін қостық, биыл 300 адам қосып, 500 адамның басын құрап тұрмыз. Өзіміздің салт дәстүрімізді, кимешек киімдерімізді дәріптейік, насихаттайық деген ниетпен жасап тұрмыз.

Қырдағы ел ойдағы елмен араласып, арасы алшақтаған ағайынды қайта қауыштыратын Амал мерекесіне алаңда киіз үй тігіліп, қонақтарға ұлттық тағам түрлері ұсынылды. Мың бұралған бишілер «Қамажайды» билеп, қазақтың ұлттық өнерін паш етті. 

«Амал келді! Аман келді!» - деп жарияға жар салған ақтөбеліктер осылайша Наурыз тойын бастап кетті. Ал «Қамажай» керуені Ақтөбе облысының өзге де өңірлеріне аттанады.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов