Тұрғындар қолымен көркейген аула

Таразда тазалық пен қолөнер туындылары үйлескен аула бар.

Тұрғындар көп қабатты үйдің алдын баққа, ал кіреберісін көрмеге айналдырған. Қолдан киіз үй жасап ұлттық құндылықты дәріптеп отыр. 

Көктем келісімен Желтоқсан көшесіндегі 86-үйдің тұрғындары осылай тазалық жұмысына кіріседі. Шашылған қоқыс пен тұрмыстық қалдықты жиып, көшет отырғызады. Мұндай үрдіс бұл аулада 23 жыл бұрын басталған. Пәтер иелері бірнеше жыл бұрын ақша жиып, аулаға заманауи киіз үй орнатқан. Игі істі бастағандардың бірі Гүлбаршын Төлегенова. 

Гүлбаршын Төлегенова, қала тұрғыны:

- Тазалық жағына үлкен мән береді. Қай кезде келсеңіз де тазалық осындай болады. Жаздыкүні әрине бөлекше. Бұл жердің барлығы гүл, кешке қарай сол гүлдің барлығын суғарады. Кешке бәріміз шығамыз. Осында отырып әңгіме дүкен құрамыз. Киіз үйдің ішінде балалар шахмат ойнайды шашка ойнайды. Киіз үйді көп қалалық жерде білмейді. Оның ата бабамыздың үйі болғандығын. Міне сол киіз үйді көріп өскен бала әрине өзінің қазағын елін сүйетін бала болады. 

Көп қабатты үйдің кіреберістерін құдды бір көрме дерсіз. Түрлі картиналар мен қолөнер туындылары төменнен бастап жоғарғы қабатқа дейін қойылған. 

Мерей Бает, тілші:

- Кіреберісін ішін сәндеуге осы үйдің балалары да атсалысқан. Мәселен, мына картина толықтай ермексаздан жасалған. Ұлттық көйлек киген қыздың мүсінін жеткіншектер құрылыс пенасынан жасап шыққан.  Мұнда тоқыма туындыларын да байқауға болады. Балалардың қиялы туған шағын дүниелер үйдің ішіне жылулық пен ұлттық реңк сыйлап тұр.

Ал Алатау шағын ауданындағы 13-үйдің тұрғындары ауласында гүлдің сан түрін өсіреді. Шырша, арша мен қарағай, раушан гүлінің бірнеше түрі жаздыгүні ерекше көрік береді. Мұның бәрін тұрғындар өз есебінен жасайды. 

Еркебұлан Әбдіров, қала тұрғыны:

- Әрбір азаматтың өзінің міндеті ғой, есік алды таза болып тұрса өзімізге жақсы. Бала шағамыз да осы арада ойнайды, осы жерде өсіп жатырмыз өнім жатырмыз. Тек әкімдікке қарамай өзіміздің тұрғындар осы әркім өзінің есігін алдын таза ұстауға атсалысып жүрміз.

Қала билігі мұндай аулаларды көбейту үшін, жылда «Үлгілі аула» байқауын ұйымдастырады. Жеңімпаз болған көп қабатты үйге қажетті заттар табыстайды. 

Нұрдос Сембек, қала әкімінің кеңесшісі:

- 2025 жылы бұл жоба Тараз қаласы әкімдігі Әулиеата ауданы мен Жібек жолы ауданына берілді. Байқау нәтижесінде 26 аула мен 22 көше қатысып, 3 номинация бойынша жеңімпаздар анықталды. Ал енді жеңімпаздарға демеушілер есебінен арнайы сол аулаларда жоқ нәрсе, яғни бейне бақылау камералары орындықтар немесе ағаштар сыйға тартылып орналастырыдатын болады.

Жалпы Таразда соңғы 3 жылда бюджет есебінен 74 аула абаттандырылды. Қала билігі биыл да 16 үй ауласына футбол және балалар алаңын салып бермек.

Мерей Бает, Бақытжан Бапаев,Елдар Байділдә