Маңғыстауда Көрісу күнін кеңінен тойлап жатыр

Жылдағыдай маңғыстаулықтар 14 наурыз «Көрісу күні» мерекесін кең көлемде тойлап жатыр.

Кеше Қаратаудың ең биік шоқысындағы «Адай ата - Отпан тау» кешенінде ауқымды мәдени-танымдық шара өтті. Тау етегіндегі «Қарашаңырақ» алаңына ақшаңқан киіз үйлер тігіліп, алыс-жақыннан келген ағайын құшақ жая көрісті. «Бір жасыңмен», «Жыл жақсылығымен келсін» деп бір-біріне ақ тілегін арнаған көпшілік наурыз көжеден дәм татты. Кешқұрым «Бірлік» оты жағылып, елін қорғаған батыр бабалар рухына құран бағышталды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Маңғыстаулықтар биыл да игі дәстүрінен жаңылмай «Адай ата – Отпан тау» кешенінде бас қосты. Алтын түстес күмбезі алыстан көрінетін зәулім ғимарат Ақтаудан 150 шақырым жердегі Тұщыбек ауылының іргесінде орналасқан. Кешелі бері «Қарашаңырақ» алаңына қырыққа жуық киіз үй тігілді. Бұл Амал мерекесі «Көрісу» күнін тойлауға келетін адам саны аз еместігін байқатады. Былтыр Отпан тауға 10 мыңдай адам келсе, осы жылы жиылған көрермен саны осы шамалас. Көпшілік мерекелік концерттен соң 362 басқышпен «Адай ата» кесенесіне көтеріліп, бабалар рухына құран бағыштады. Бауырлас түрік, әзірбайжан, өзбек, түрікмен елінен келген өнерпаздар мереке маңызын арттыра түсті. 

Энес Аль, турист /Түркия Республикасы/:

- Қазақстанға алғаш рет Амал мерекесін көру үшін Ыстамбұлдан арнайы келдім. Таудың басы салқын болса да көпшіліктің ыстық ықыласын көріп, көңілім марқайып тұр. Ақ жаулықты аналар байқауын тамашалап, ұлттық ас-сусыннан дәм таттық. Ылайым, қазақ елінде жақсылық болсын.

Баймұрат Опаев, тарихшы /Өзбекстан Республикасы/: 

- Жақсы, бұл жерде қонақшыл халық. Рақмет айтамын, осы жерге келуімді пайдаланып. Жақсы күтіп алды, қонақ деп сыйлап жатыр. Тарихи орын, мынау музейді көрдік. Маңғыстаудың ең биік шыңы екен. Шыңына да шықтық, маған үлкен әсер қалдырды.

Талғат Исламұлы, тілші:

- Қаратаудың етегінде ат бәйге, ұлттық спорт түрлерінен жарыс ұйымдастырылып, жүлдеге жеңіл автокөлік тігілді. Сондай-ақ көрермен палуандар күресін тамашалады. Осылайша тау басында төс қағыстыра көріскен халық «Амалдан амалға аман-есен жете берейік» деп ақ тілегін арнап, тарқасты.