Алматыдағы «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы аяқталуға жақын

Алматыдағы «Қалқаман» метро бекетінің құрылысы аяқталуға жақын.

Жаңа станция ашылған соң Алматы метросының тәуліктік жолаушы тасымалы 150 мыңға жуықтайды. Бұл осы бағыттағы қоғамдық көліктерге түсетін салмақты азайтады. 

Аршын Кемелжан, тілші:

- Алматылықтар көптен күткен «Қалқаман» бекеті биыл жыл соңында пайдалануға беріледі. Әзірге құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған. Нақтырақ айтсақ, әрлеу, көгалдандыру, абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құрылыс жазға таман толық аяқталады. Әрмен қарай жарты жылға жуық станцияны сынақтан өткізеді екен. Содан кейін ғана жолаушылардың пайдалануына беріледі. 

«Қалқаман» бекеті Алматы метросының 12-станциясы. «Бауыржан Момышұлы» бекетінен батысқа қарай 1,5 шақырым жерде орналасқан. 18 метр тереңдіктегі бекеттің қабырғасы ақшыл көк пен ақ түске боялған. Платформа қабырғасына қос ғашық - Қалқаман батыр мен Мамыр сұлудың суреті салынады екен. Ендігі қалған жұмыстар маусымға дейін аяқталады. 

Ренат Алдабергенов, "Метрополитен" КМК күрделі құрылыс қызметінің бас инженері:

- Қазіргі уақытта 300-ден жоғары адам жұмыс істеп жатыр. 20 техника істеп жатыр. Өйткені, 90 пайыз жұмыс бітіп тұр. Материалдардың 90 пайызы отандық өнімдер. Бұл жерде тек қана құрылғылардың бәрі сырттан келеді, жаңағы вентиляторы ауа берушілер дегендері. Қалған бетонымыз, арматурамыз, цементтің бәрі осы отандық өнімдер.

Алматы метросы былтыр 30 миллион жолаушы тасымалдаған. Бүгінде тәулік сайын 103 мың адам жерасты көлігін пайдаланады. Метрополитен басшылығының мәліметінше, «Қалқаман» бекеті іске қосылған соң күндік жолаушы саны 150 мыңға жуықтайды. Жерасты жолының жайлылығын білетін қала тұрғындары, жаңа бекеттер жылдам ашылса екен,-дейді.

БЛИЦ:

- Автобустан гөрі өте жақсы, қолайлы. Желісі көп болғаны әлбетте халыққа жақсы ғой. Сол көп болса ауа да таза болады. 

- Қателеспесем тағы  Әшімов жақтан қосып жатыр ғой деймін. Оны қосса одан да жақсы болады. Алыс жерге баратындай уақытта үнемдеп кәдімгідей.

- Интервал көп 7 минут, 2-3 минут болса, былай бәрі жақсы.

Алматы метросының алғашқы желісі батыс бағыттағы «Барлық» бекетімен аяқталады. Қаланың бас жоспарына сәйкес тағы екі желі салынады. Оның бірі Райымбек даңғылы мен Алматы-1 теміржол вокзалын жалғайды. Екіншісі «Жібек жолы» бекеті мен Алматы әуежайын қосады.

Аршын Кемелжан, Эдуард Кон