Амал мерекесінде өскемендік 20 отбасы баспаналы болды

Өскемендіктер үшін «Наурызнаманың он күндігі» сүйінші жаңалықпен басталды. Амал мерекесі күні ондаған жанұя қоныс тойын тойлап жатыр. 

Бүгін баспана кезегінде тұрған 20 отбасыға пәтер кілті табысталды. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында қос қуанышқа бөленгендер арасында көпбалалы аналар, жас мамандар да бар.

Өскеменде «Наурызнама он күндігі» қоныс тойын тойлаумен басталды. «Амал мерекесінде» 20 отбасы пәтер кілтіне қол жеткізді. Еркебұлан Зәуренбеков балалар анестезиологы. Талай жылдан бері бір бөлмелі пәтерде тұрып келген дәрігерлер отбасы  үшін бүгін ақ түйенің қарыны жарылған күн. Олар кілтті ала сала жаңа баспананы аралап көріп те  шықты. Енді көші-қон қамына кіріспек. 

Еркебұлан Зәуренбеков, қала тұрғыны:

-  2019-жылы «Ана мен бала» орталығына жұмысқа орналастық. Содан бері бір бөлмелі қызметтік пәтерде тұрып жатырмыз. Бүгінгі Амал мерекесінде үш бөлмелі пәтердің кілтін алып жатырмыз. Өте қуаныштымыз. Бұйырса бала-шағамызбен көшіп келеміз.

Ел шығысында құрылыс қарқынды. Былтыр 407 мың шаршы метр тұрғын үй қолданысқа берілсе, биыл бұл межені 410 мың шаршы метрге жеткізу жоспарланған. Алдағы бес жылда қала халқының саны еселеп өсуі мүмкін. Демек тұрғындарды жайлы қоныспен, сапалы инфрақұрылыммен қамтамасыз ету маңызды.

Нұрымбет Сақтағанов, ШҚО әкімі:

- Бүгінгі күні облыс аумағында құрылыс саласы қарқынды дамып жатыр.Өйткені  облыста алдағы бес жылға даму жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес біздің облыс орталығы 4-5 жылда 500 мың өскемендік тұратын шығыс хаб орталығына айналмақ.

«Қоныс тойын тойлаушылар қатары әлі де артады», - дейді сала мамандары. Жақында тағы 132 отбасына пәтер кілті беріледі. 

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.