Референдумдағы тең мүмкіндіктер

Бүгін елде және шетелдегі отандастарымыздың өз таңдауын жасауына барлық мүмкіндік жасалды.

Мүмкіндігі шектеулі азаматтар да референдумда еркін әрі кедергісіз дауыс бере алады. Мәселен, Астанадағы №331 дауыс беру учаскесінде 2 мың 800-ге жуық референдумға қатысушы тіркелген. Оның ішінде мүмкіндігі шектеулі 22 азамат өз таңдауын жасауға тиіс. 

Астанадағы №331 дауыс беру учаскесінде 2800-ге жуық референдумға қатысушы тіркелген. Оның ішінде 22 азаматтың мүмкіндігі шектеулі. Мұнда мүгедектігі бар жандардың еш кедергісіз таңдау жасауы үшін барлық жағдай жасалған. Атап айтқанда, пандустар, арнайы кабиналар мен Брайль шрифтімен жазылған трафареттер әзірленген. Ал көру қабілеті төмен жандар үшін Конституция жобасының аудио-нұсқасы дайын. Оған қоса заманауи электронды үлкейткіштер мен индукциялық дыбыс жүйесі де іске қосылған.

Ербол Құлан, №331 референдум учаскесінің хатшысы:

- Көру мүмкіндігі шектеулі жандарға арналғанда арнайы кабинканың өзінде трафареттерді қолдану арқылы дауыс берсе болады. Есту қабілеті шектеулі жандарға көрсетілгендей құлаққап арқылы тыңдап, өздері жауап береді. Комиссияның көмегімен келіп тыңдаса болады. Бөлім бойынша Конституция  құрылымы туралы бірінші бап, құлаққапты салып, тыңдауға болады.  Одан кейін негізгі құқықтар туралы тыңдаса болады. 35-ші бап деген сияқты тармақтар көрсетілген.

Учаске төрайымы Әсел Тельманқызының айтуынша, дауыс беру барысын 9 адамнан құралған кәсіби топ жіті қадағалайды. Олардың құрамына төраға, оның орынбасары және хатшысы кіреді. Айта кетейік, комиссия мүшелері референдум алдында арнайы оқу-жаттығудан өткен.

Әсел Тельманқызы, №331 референдум учаскесінің төрайымы:

- Дайындық кезеңінде 20 күн бойы комиссия мүшелері мен басшылық құрамына арнайы семинарлар өткізілді.  Біздің басты мақсатымыз ерекше қажеттілігі бар жандарға ақпаратты дұрыс жеткізу және олардың кедергісіз дауыс беруіне жағдай жасау.  Көру қабілеті нашар азаматтар үшін арнайы аудиофайлдар қарастырылған. Олар құлаққап арқылы Конституцияға енгізілетін өзгерістерді тыңдап, содан кейін кабинаға өтіп, өз таңдауын жасай алады. Сыртта пандустар мен көмек шақыру батырмалары да орнатылған. Комиссия мүшелері ерекше жандармен жұмыс істеу бойынша арнайы оқудан өтті.

Бүгін қала бойынша инватакси қызметі де күшейтілген режимде жұмыс істейді. Ал денсаулығына байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін үйден дауыс беру қарастырылған. Жалпы референдумде 12 млн-нан астам қазақстандық дауыс бере алады. Дауыс беру учаскелері кешкі сағат 20:00-ге дейін ашық болады.

Авторы: Наргиз Бекмағанбетова, Жандос Битабаров