Бүкілхалықтық референдум өтіп жатыр

Қазақстанда бүкілхалықтық референдум өтіп жатыр. Ел аумағында 10 мыңнан астам учаске жұмыс істеп тұр.

Орталық референдум комиссиясының алғашқы мәліметтеріне сәйкес, биылғы науқанның ауқымы ерекше. Аймақтар арасында Түркістан облысы көш бастады. Мұнда рекордтық көрсеткіш - 947 учаске жұмыс істеп тұр. Қостанай облысында 717, Алматы облысында 677 нысан дауыс берушілерді қабылдап жатыр. Ал ел астанасы Астанада 501, Алматыда 653, Шымкентте 363 учаске штаттық режимде іске қосылды. Ұлытау облысындағы 127 учаске де таң атысымен белсенді жұмысқа көшті.  Жергілікті комиссиялардың шешімімен 92 учаске таңғы алтыдан бастап есігін айқара ашты. Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары Мұхтар Ерманның айтуынша, биылғы тізімге 12 миллион 461 мыңнан астам азамат енгізілген.

Мұхтар Ерман, ҚР Орталық референдум комиссиясы төрағасының орынбасары:

- Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, Астананың комиссиялары ұсынған деректерге сәйкес, 2026 жылғы 15 наурызда сағат 07:00-дегі жағдай бойынша өңірлерде барлық 10 388 учаске дауыс беруге кірісті. 92 учаскеде аумақтық комиссиялардың қабылдаған шешімдеріне сәйкес дауыс беру сағат 06:00-де басталды.