Оралда дауыс берушілердің белсенділігі жоғары

Бүгінгі референдумға қатысып, өз таңдауын жасауға келген азаматтарды дауыс беру учаскесінің алдынан адамдар емес, роботтар қарсы алуда.

Ерекше жағдай Орал шаһарындағы №459 учаскесінде болыпты. Робот трансформер болып киінген ақпараттық технологиялар институтының студенттері осы арқылы биылғы жыл сандық технологиялар және жасанды зерде жылы екеніне назар аударғымыз келді, - дейді.

Батыс Қазақстан облысында 489 дауыс беру учаскесі болса, соның 136-сы облыс орталығында орналасқан. Олардың бәрі де сағат 07:00-де есігін айқара ашты. Ерте тұрып, таңдауын білдіруге асыққандардың бірі - Ғапар Тілеулиев. Қала тұрғыны таң қараңғысында алдынан роботтар сөйлеп шыққанда, таңғалғанын жасырмайды.

Ғапар Тілеулиев, Орал қаласының тұрғыны:

- Ерте тұруды әдетке айналдырғанмын. Бүгін де өз азаматтық ұстанымымды білдіру үшін дауыс бердім. Ерте келгеннің арқасында міне алғашқы дауыс беруші болып сыйлық алдым. Рахмет көп-көп! 

Әлия Сарекенова, учаскелік комиссия төрағасы:

- Қазіргі уақытта референдумға қатысушылар өз таңдауларын жасап, дауыс беруде. Учаскеде дауыс беру ашықтығын және заңдылығын қамтамасыз ету үшін барлық жағдай жасалған.

Дауыс берушілерді қарсы алушы құлтемірлердің костюмын ақпараттық технологиялар институтының студенттері құрастырыпты. «Болашақ жаңа технологиялардың қолында. Роботтарды референдумға шығару арқылы биылғы жасанды интеллект жылына көптің назарын аударғымыз келді», - дейді оқу орнының өкілдері

Альмира Тұрғалиева, университеттің Ақпарат орталығының меңгерушісі:

- Біздің жас ғалымдарымыз, студенттеріміз Жасанды интеллект және цифрландыру жылы аясында осы роботтарды жасақтап, оған өздерінің бағдарламалау тілдерін енгізіп, қазір сайлаушыларымызды қарсы алуда.

Батыс  Қазақстан облысында 446 мың 391  азаматтың бүгінгі референдумға қатысып, елдің ертеңіне қатысты маңызды мәселе бойынша ұстанымын білдіруге құқығы бар.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э, Аюпов