Референдум – 2026: Алматы облысында заңбұзушылық фактілері тіркелген жоқ

Алматы облысында да дауыс беру барысы қызу жүріп жатыр.

Еліміздің бұл өңірінде жалпыұлттық референдумды өткізуге 1 облыстық, 2 қалалық, 9 аудандық және 682 учаскелік комиссия жұмылдырылған. Барлық комиссиялардың құрамында 4806 комиссия мүшесі жұмыс атқаруда.

Міне, өздеріңіз көріп тұрғындай, Қонаевта күн шайдай ашық. Сынап бағанасы + 10 градус жылылықты көрсетіп тұр. Дауыс берушілердің де көңіл-күйі өте жақсы. Алматы облысы бойынша 1 млн 30 мыңға жуық адам бүгінгі саяси науқанда дауыс беріп, өз таңдауын жасау құқығына ие болғанын айта кетейік. Біз осы орайда референдумға үлкен жауапкершілікпен қарап, бүгінгі саяси науқанға белсенді қатысып жатқан қала тұрғындарының пікірін жазып алған едік. Соны тыңдап көрелік.

Мүгедектігі бар азаматтардың референдум учаскелеріне емін еркін кіріп-шығып, өз құқығын жүзеге асыруына қолайлы жағдай жасалған.

Облыс бойынша 2320 мүгедектігі бар азамат туралы мәлімет нақтыланып, олардың дауыс беру учаскелері тексерілді. Қазір менің жанымда облыстық референдум комиссиясының төрайымы Мейрамгүл Айтова тұр. Мейрамгүл Қазбекқызы, дауыс беру барысында қандай да бір заңсыздықтар байқалды ма? Өзіңіз қысқаша баяндап берсеңіз.

Мейрамгүл Айтова, Алматы облыстық референдум комиссиясының төрағасы:

- Бүгін Алматы облысында республикалық референдум бойынша дауыс беру процесі штаттық режимде өтуде. Облыс аумағындағы барлық референдум учаскелері уақытылы ашылып, азаматтарды қабылдауда. Жалпы алғанда өңірде дауыс беру процесі заң талаптарына сәйкес, тыныш әрі ұйымдасқан түрде өтіп жатыр. Құқық бұзушылық фактілері тіркелген жоқ. Учаскелер қажетті материалдық-техникалық құралдармен толық қамтамасыз етілген. Мүгедектігі бар азаматтардың дауыс беруіне де қолайлы жағдайлар жасалған. Денсаулық жағдайына немесе ауырған отбасы мүшесіне күтім жасау және учаске құрылмаған шалғай жерде болу себептеріне байланысты учаскеге келе алмайтын азаматтар үшін олардың тұрған жерінде дауыс беру ұйымдастырылды. Бүгін сағат 12:00-де осындай өтініштерді қабылдау аяқталып, учаскелік комиссиялар дауыс беруді ұйымдастыруға кірісті.

Алматы облысында референдумды байқауға 27 коммерциялық емес ұйым аккредиттелген. Байқаушылар әрбір референдум учаскесіне барып, саяси науқанды бақылауға құқылы. Әзірге олардың тарапынан да ешқандай сын-ескертпе айтылмады, - дейді мамандар.