Маңғыстау облысында 444 мың адам дауыс беру құқығына ие

Маңғыстау облысында 444 мыңнан астам адам дауыс беру құқығына ие.

Шалғай өңірде 261 референдум учаскесі таңннан бері істеп тұр. Осы сағатқа дейін бірде-бір заң бұзушылық дерегі тіркелмеген, дейді байқаушылар. Тіпті кейбір тұрғындар дауыс беру учаскесіне ұлттық киіммен келіп, көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады.   

Маңғыстауда референдумға қатысуға құқы бар 444 мың 198 адам тұрады. Өңірдегі 261 дауыс беру учаскесінің 94-і Ақтауда орналасқан. Ел болашағы үшін маңызды шараға тұрғындардың белсенділігі жоғары екені байқалды. Кәмелет жасқа толғандар, таяуда шаңырақ көтерген жастар, спортшылар, зейнеткерлер бүгін ұлттық киіммен келіп, өз таңдауын жасады.

Ырыскүл Иманбаева, қала тұрғыны:

- Жаңа Конституцияда ең бірінші адамның құқықтары, келешектегі Қазақстанның әр салада дамуы, әрбір адамның жеке дамуы сияқты жақсы бастамалар көтерілген. Солардың барлығы біздің келешекте қазақстандықтарымыз үшін жағымды жақсылықтармен жүзеге асады деп ойлаймыз.

Жалпыхалықтық референдум күні көпбалалы отбасыда тоғызыншы сәби дүниеге келді. Жақындары жақсы ырымға балап, нәрестенің есімін Атазаң деп қойды. Айта кетсек, Маңғыстау табиғи туу бойынша елде көш бастағандардың бірі. 

Жапырақ Епенова, облыстық "Ана мен бала" орталығының директоры:

- 220-ға жуық ана бар. Бүгін бәрі жүз пайыз өз таңдауын жасауда. Шынымен де, ерекше күнде бізде ерекше есімді «Атазаң» деген жігіт дүниеге келді. Сағат 11:25-те көп босанған анамыз Айнұр дені сау, 4 келі 175 салмағы, бойы 57 сантиметр азаматты дүниеге алып келді. Өте қуаныштымыз. 

Ақтауда референдум учаскелерінде тұрғылықты мекен-жайы бойынша ең азы екі мыңдай адам тізімде тұр. Түске дейін жартысына жуығы келіп,  дауыс берді. Референдум учаскелерінің алдында көрме-жәрмеңке өтіп, жергілікті тауарөндірушілер өнімдерін төмен бағамен ұсынып жатыр. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев