Петропавлда су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді

Петропавлда көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары күшейтілді. Күннің жылынуы алдында коммуналдық қызмет мамандары қала көшелеріндегі суағарларды тазартуға кірісті.

Қазіргі уақытта қала бойынша ұзындығы 150 шақырымнан асатын нөсерлік кәріз желісі аршылып, еріген қар суының кедергісіз ағуына жағдай жасалуда. Сонымен қатар су басу қаупі бар шағын аудандарда қар шығару жұмыстары қарқын алған. 

Жаңадан бой көтерген «Бірлік» шағын ауданында 700 отбасы тұрады. Қазір коммуналдық қызмет мамандары көше суағарларын қардан тазартып, жүк көліктерімен шығарып жатыр. Ертең еріген қар суы осы арқылы сайға ағып кетеді. 

Айдар Оспанов, Коммуналдық кәсіпорын директорының орынбасары:

- Қыстың күні ашық арықтар бітеліп, мұз болып қатып қалады. Бұл көктемде судың ағып өтуіне кедергі келтіреді. Сондықтан бұл желілерді қолдың күшімен тазалауға тура келеді. Оған арнайы техникалар да жұмылдырылған.

Қазір қала бойынша 100 адам жұмыс істеп жатыр. Олар облыс орталығын бірнеше аумаққа бөліп, әзірге ашық жатқан нөсерлік кәріз желісін тазартып жатыр. Онымен қатар қар шығару жұмыстары да бәсеңдеген жоқ. 

Бердімұрат Баймұқан, қалалық ТКШ бөлімінің баспасөз хатшысы:

- Қала көшелерінен, жол желілерінен, ойпаң жерлерден және еріген судың жиналу қаупі учаскілерден қар шығару жұмыстары ұйымдастырылған. Қыс мезгілінің басынан бері 700 мың текше метрден астам қар шығарылды. Қазір жеке аумақтардан қар шығару жұмыстары белсенді түрде жүргізіліп жатыр.

Петропавлдың іргесіндегі Заречный кентін жыл сайын су басады. Сондықтан ондағы тұрғындарды қауіпсіз жерге көшіру жөнінде шешім қабылданды. Желтоқсан айында қалада оларға алғашқы 90 пәтерлі тұрғын үй тапсырылды. Енді тағы екеуін салу жоспарланған.

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков. 24KZ