Петропавлдағы Ұлттық Ұлан академиясында 5 тілді еркін меңгерген курсант оқиды
Петропавлдағы Ұлттық Ұлан академиясында полиглот курсант оқиды. Мақсұтәлі Оспанов қазақ, орыс, ағылшын, француз және неміс тілдерін еркін меңгерген, деп хабарлайды 24KZ.
Білімпаз жас алғашында арнайы курстарға барып, кейін өз бетінше оқуды жалғастырды. Енді қытай мен араб тілдерін үйренуді мақсат етіп отыр. Курсант бос уақытын кітапханада өткізетінін айтады.
Мақсұтәлі Оспанов – Жезқазған қаласының тумасы. Қазір Петропавлдағы ҚР Ұлттық Ұланы академиясының 1-ші курсында оқып жүр. Ол қазақ, орыс, ағылшын, француз және неміс тілінде еркін сөйлейді. «Француз бен неміс тілін меңгеруде қиналғаным рас. Бірақ бала кезден шет тілдерін меңгеруге деген құлшынысымның арқасында мақсатыма жеттім», – дейді.
Мақсұтәлі Оспанов, курсант:
– Себебі олар – мен үшін жаңа тілдер. Олардың грамматикасы, сөйлеу мәнері қазақ тілі мен орыс тілінен өзгеше болғандықтан, кейбір қиындықтар туған болатын. Ютубтан видеороликтер көремін. Материалдар болса, материалдарды оқып үйренемін.
Білімге құштар жас әлеуметтік желіде шетелдіктермен жиі тілдесіп, сөйлеу дағдысын жетілдіреді. Айрықша қабілеті мен тынымсыз ізденісін оқытушылары да оң бағалайды.
Елена Анцибор, Тілдік даярлық кафедрасының аға оқытушысы:
– Мақсұтәліге күрделі тапсырмалар беремін. Жаңа тақырыптарды тез меңгереді. Оқуға түскеніне небәрі 2 ай болса да, көптеген сайысқа қатысып үлгерді. Жүлделі орындар иеленді. Бізде шетелдік курсанттар да оқиды. Мақсұтәлі оларға білмеген жерлерін түсіндіріп, әрдайым қол үшін созады. Осындай полиглоттың академиямызда оқып жатқаны біз үшін мақтаныш.
Енді курсант қытай және араб тілдерін үйренбек. Мақсаты болашақта халықаралық деңгейде қызмет ету.
Мақсұтәлі Оспанов, курсант:
– Мен болашақта БҰҰ-ның бітімгершілік күштерінің қатарына қосылғым келеді. Яғни осы жерде менің тіл білуім өте керек болады. Себебі ол жерде тек қана қазақ азаматтары емес, басқа елдің азаматтары мысалы, АҚШ, Франция және басқа Еуропа елдері, Азия елдерінің әскери қызметшілері болып, олармен сөйлесу үшін осы бірнеше тілді білу керек.
Кітап оқуды сүйікті әдетіне айналдырған Мақсұтәлі бос уақытында кітапханаға асығады. Зейінді курсант осы уақытқа дейін еліміз бен шетел әдебиетінің 100-ден аса туындысын оқыпты.
Авторлары: Аснурия Абдулла, Қуаныш Қазбеков