Биыл Түркістан облысында 685 шақырым жол жаңартылады
Оған республикалық бюджеттен 35 млрд теңге қаражат бөлінген. Оның ішінде әбден тозығы жеткен облыстық маңызы бар жолдар мен елді мекен арасындағы көшелердің үлесі басым.
Биыл өңірде облыстық маңызы бар 445 шақырым жол жөнделеді. Жауаптылардың айтуынша, оған 15 млрд теңгеден астам қаржы қарастырылған. Оның ішінде бес көпірдің құрылысы бар. Одан бөлек, елді мекен ішіндегі тозығы жеткен, ұзындығы 240 шақырым болатын 181 көшеге асфальт төселмек. Сондай-ақ биыл ұзындығы 102 шақырымдық Сарыағаш айналма жолының да құрылысы басталады.
Қуатжан Жұматаев, облыстық Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы:
- Ол жерде тәулігіне 3 мың көлікке есептелген болса, бүгінгі күні 11 мыңнан астам көлік ағыны тіркеліп отыр. Жүктеме өте үлкен болғандықтан айналма жол салынады. Жол төрт жолақты болады. Жол-көлік оқиғалары азаяды. Бүгінгі таңда қолдау тауып, конкурстан өтіп жатыр. Осы жарты жылдықта бастаймыз деп отырмыз. Құрылысы 2026 басталып, 2030-да аяқталады дейді. Алайда мамандар 2028-2029-да аяқтауға болады деп отыр.
Сонымен қатар биыл Түркістан мен Отырар ауданын жалғайтын «Түркістан – Шәуілдір» автомобиль жолының құрылысы аяқталады деп күтіліп отыр. Ұзындығы 70 шақырым болатын 4 жолақты жолдың құрылысы 3 жыл бұрын басталған. Қазір 4 учаскенің жері дайындалып жатыр.
Еламан Рахматуллаев, учаске басшысы:
- Қазіргі уақытта төсеуге материал жинап жатырмыз. Жер деңгейі келді. Негізгі жұмыстарды бастаймыз. 4-ші бөлікте бізде темір жол бар. Сол жерде көпір салынып жатыр. Оның жұмысы 80 пайызға аяқталып тұр. 70 шақырымның 60 шақырымы бітіп тұр. Биылға жоспар – 10 шақырым, сонымен толық бітеді.
Сонымен қатар биыл облыстағы бірқатар аудандық маңызы бар жол да жөнделеді. 120 шақырым жол күрделі және орташа жөндеуден өтеді. Оған облыстық бюджеттен 4,2 млрд теңге қаралған. Жауаптылар жыл соңына қарай облыстағы жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесін 96%-ға жеткізуді көздеп отыр.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш