Экологтар Ертіс өзенінен сынама алды 

Павлодарда экологтар Ертіс өзенінің «жылы ағысын» зерттеп жатыр. Бұған өзеннен бөлініп ағатын сағасында майлы қоспаның пайда болуы себеп. 

Әзірге судың неден ластанғаны белгісіз. Қазір экологтар Ақсу қаласына барып, судан сынама алды. Зерттеу нәтижелері шамамен бес күн ішінде белгілі болады. Ел арасында «жылы ағыс» деп аталатын бұл өзен тармағы қыста қатпайды, оның суын Ақсу гидроэлектр станциясы өндірісті салқындату үшін пайдаланады.

Әсет Сыздықов, Павлодар облысы бойынша Экология департаменті басшысының орынбасары:

- Видеода майлы дақтардың бар екені анық көрінеді. Осы дерек бойынша біз су сынамаларын алдық. Нәтижелері белгілі болғаннан кейін қандай да бір шекті мөлшерден асып кету анықталса, департамент тарапынан тексеріс тағайындалады. Сәйкесінше, қолданыстағы заңнама аясында тиісті шаралар қабылданады.