ШҚО-да үйдің қаңыраған бөлігі қауіпке айналды

Алтай қаласында бүтін бір подъезд 25 жылдан бері бос тұр. Қаңырап тұрған 22 пәтер көршілердің қорқынышына айналғаны қашан. 

Қараусыз пәтерлерге үйсіз-күйсіз адамдар жиналып, төбелес шығарып, түні бойы ұйқы бермейтін болған. 

Бесқабатты үйде талай жылдан бері бос тұрған бұл подъезд іргелес бөліктегі  жұртты әбден әуреге салды. Айтуларынша, мұндағы пәтерлер жасөспірімдер мен үй-күйі жоқ адамдардың түнде жиналатын орнына айналған. Тұрғындар алда-жалда өрт шыға ма деп алаңдап, төменгі қабатты толық бітетіп тастады. Вера Шатравко осы үйде 15 жыл бойы тұрып келеді. Қараусыз қалған үй бөлігін қалыпқа келтіру туралы бастаманы жыл сайын көтеріп жүр. 

Вера Шатравко, үй тұрғыны:

- Бос тұрған пәтерлердің бірінен 2-3 жыл бұрын мәйіт табылды. Әкімдік жөндейміз деп уәде бергенімен нәтиже жоқ. Біреулер сол подъезді мүлдем бұзып тастайық деп те айтты. Алайда біз тұрып жатқан жақ бүлінуі мүмкін болғандықтан оған қарсы болдық.

Ең сорақысы қаңырап тұрған подъезд бүкіл үйдің сапасына кері әсерін тигізе бастаған. Шеткі пәтерлер суып, ортақ құбырлар шіріп, жертөлені ылғи су басып жатады. Сондықтан тұрғындар бос пәтерлер қайта қалыпқа келтіріліп, мұқтаж жандарға берілсе екен дейді.

Вячеслав Гордеев, үй тұрғыны:

- Подъезд бөлек болғанымен, жертөле ортақ. Мына бос тұрған жақтың астына көп су жиналып, айлап тұрады. Бұның бәрі үйдің сапасына, іргетасының шіруіне әкеп соғады. Мен осы үшін алаңдаймын.

Қаңыраған подъезде 22 пәтер бар. Мемлекет қарамағына өткеніне 10 жыл болған. Алайда осы күнге дейін оны қайта жөндеуге қаражат табылмаған.

Сергей Охременко, Алтай қаласының әкімі:

- Жобалық-сметалық құжат дайындау үшін 5 миллион теңге бөлінді. Конкурс шаралары өтті. Қазір жоба жасалып жатыр. Оның жалпы құны туралы айту әлі ерте. Дегенмен келер жылы бұл пәтерлер қалыпқа келтіріліп, кезекте тұрғандарға беріле бастайды.

Сонымен ширек ғасыр бойы бүкіл үйге қауіп төндіріп келген подъезд енді толық жаңғыртылады. Айта кету керек, қазір аудан бойынша 1300 адам үй кезегінде тұр.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов