Елімізде түрлі ұлт өкілдері бір шаңырақ астында өмір сүріп келеді
Бүгінде елде түрлі ұлт өкілдері ынтымағы ұйысып, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келеді. Сондай отбасылардың бірі – Хабибуллиндер әулеті.
Отбасы мүшесі Диана Хабибуллина Абай облысындағы қоғамдық келісім орталығында әдіскер боп істейді. Ата-анасы Қазақстанға Татарстаннан 90-шы жылдары қоныс аударған. Содан бері олардан тараған ұрпақ өсіп-өніп еліміздің гүлденуіне үлес қосып келеді.
Диана Хабибуллина қазақ тілінде еркін сөйлейді. Оның айтуынша, Қазақстан - түрлі ұлт өкілін бір шаңырақ астына тоғыстырған бейбітшілік пен татулық мекені. Әр ұлттың мәдениеті мен салт-дәстүрі құрметтеліп, сақталып келеді.
Диана Хабибуллина, қала тұрғыны:
- Менің кіндік қаным тамған жерім – Семей қаласы. Осы жерде мен туып өстім, осы жақта мен алғашқы қадамымды жасадым. Алғашқы сөзімді айттым, достарыммен өмірлік жолымды бастаған жер. Бұл жай ғана қала емес, бұл – менің туған Отаным. Қай жақта болмасам да, қай елді мекенде жүрсем де Семей қаласы әрдайым жүрегімде, Қазақстан деп тұрады. Бұл жерде татарлар, украин ұлты, орыстар, башкирлер, өзбектер және басқа ұлт өкілдері бар. Бұл нені білдіреді? Бұл бәріміз бір шаңырақ астында дегенді білдіреді.
Абай облысында ұлтаралық татулық пен бірлікті нығайтуға ерекше көңіл бөлінеді. Өңірде 5 Достық үйі мен 46 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.
Мағжан Құрманов, облыстық Ішкі саясат басқармасы бөлімінің басшысы:
- Былтыр ҚХА 30 жылдығы аясында 500-ге жуық ірі іс-шаралар өткізілген болатын. Оның ішінде республикалық Абай оқулары, шығармашылық ұжымдардың облыстық конкурсы. Жомарт жан отырысы. Аналар кеңесі мен Ақсақалдар кеңесінің отырысы өткен болатын. Биылғы жылы да бізде Ассамблея және этносаралық қатынастарды дәріптеу мақсатында біршама жобаларымыз жоспарланған. Оның ішінде Ақкөлдегі Абайлайк облыстық жобасы. Абай оқулары жне өзіміздің институттардың жобалары.
Осындай игі бастамалардың арқасында Абай облысында ұлттар арасындағы татулық пен өзара құрмет берік қалыптасқан.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы,Медет Өмірханов