«Наурызнама – Digital Nauryz» онкүндігі

Биыл алғаш рет Наурыз мерекесі мәдениет пен цифрлық технологияларды біріктірген форматта өтпек.

Осыған орай жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі «Наурызнама – Digital Nauryz» онкүндігіне арналған іс-шаралар бағдарламасын ұсынады. Барлық өңірде өтетін бағдарламамен digitalnauryz.kz сайтында танысуға болады. Бағдарламаға сәйкес, бүгін елордада дрон-футбол турнирі ұйымдастырылады. Сондай-ақ кез келген адам қатыса алатын онлайн викториналар басталады. Тағы Астана мен Алматыда бірнеше күн бойы VR-ойын аймақтары жұмыс істейді. Ал наурыздың 21-22-і күндері Астана мен Шымкентте «Цифрлық киіз үй» көрсетіліп, оңтүстік мегаполисте дрон-шоу өтеді. Алматы қаласында дрондардың көмегімен бауырсақ пен кәдесыйлар жеткізілмек. Сонымен қатар концерттерде жасанды интеллект аватарлар жүргізуші әрі орындаушы ретінде қатысады. 22 наурызда Астанада пилотсыз таксидің таныстырылымы өтеді. Мереке аясында Astana Hub-тың ұйымдастыруымен IT-квесттер, хакатондар, роботтар шеруі мен түрлі байқаулар жоспарланған. Ал 27 наурызда Шымкентте Digital Qazaqstan форумы өтіп, онда жасанды интеллектіні дамыту мәселелері талқыланады.