Астанада бір мезетте 18 мың бала асық ойнады

Бас қалада да бір мезетте 18 мың бала асық ойнады.

Ұлттық құндылықтарымызды ұлықтаған ұл-қыздар төл ойынымызды төрге шығарып, ұмыт қалмағанын тағы бір мәрте дәлелдеп берді. 

Бүгінде ауылдың балалары ғана асық ойнамайды. Ұлттық ойынымызды ұлықтау үшін үш мың оқушы жиналған шарапатты шара соның дәлелі. 

Асылбек Мадияр, 7-сынып оқушысы:

- Мен тек мына жерде емес, үйде де ойнаймын. Үйде асық бар. Жаттығамын. Қарындасыммен ойнаймын. Мен асық ойнауды бес жасымнан үйренгенмін. 5 жасымда анам мен әкем маған асық сатып алып берген, асық үйрен деп. Үйреніп кеттім. Бірінші кездері мен ойнай алмағанмын. Сосын ақырындап өзім үйренгенмін.

Жасөспірімдер асық атып қана қоймай, төл спортымыз туралы жасанды интеллект қойған сан сауалға жауап берді.

- Асық ойынында ең қасиетті, ең сәтті, ең ұтқыш асық қалай аталады? Қане, бірге айтайық. Алтын сақа!

Олжас Семсерханұлы, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:

- Асық десе көбіне ауылдың балалары еске түседі. Қазіргі кезде біз мектеп оқушыларына мүмкіндік жасап жатырмыз. Яғни қаланың мектеп оқушыларына мүмкіндік тудырып жатырмыз. Аңызға сенетін болсақ, «Алтын сақа» ойынының өзіндік үлкен салмағы бар ғой басқа асықтардан қарағанда. Балалар ойын ойнаған кезде сақамен атады асықтарды тізіп. Былайша айтқанда басқа асықтарды ұтып алу үшін өзіне ең жақын асығы «Алтын сақа». 

Асық алаңындағы ойын балаларының орналасқан орындарының да өзіндік мәні бар. Күмбірлі күй арқылы сап түзеп, «Алшы» пішіні мен «Алтын сақа» сөзін бейнеленген. Қазір бұрынғыдай көшеде асық ойнаған баланы кезіктіру қиын емес. Ұлттық спортымыз мектепте кіріктірілген пән ретінде енгізілгелі жасөспірімдердің сүйікті спортына айналып келеді.

Нұрдәулет Азаматұлы, 7-сынып оқушысы:

- Мектепте асық ойнайтын балаларға ұлттық ойынға жақындату үшін асық ойнайтын жаңа кабинет ашылған. Сол жақта біздің көп балалар қатысады. Көбінесе біздің мектепте жақсы оқитындар қатысады. Ол жерде асықтың қалай ойналуы, баланы қалай жетілдіретінін, қай нәрсеге көмектесетінін барлығын түсіндіреді.

Мадина Сүлейменова, Астана қаласы білім басқармасының маманы:

- Бұл сайыс емес. Бұл «Алтын сақа» деп аталып, асық ойынын насихаттау. Өйткені қазақ халқы асық ойынын кішкентайынан бастап балаға үйреткен. Асық неге керек? Асық баланы ептілікке, шеберлікке, ұқыптылыққа, тәртіптілікке және жеңіске жетуге үйретеді.

Ұлттық спорт күніне орай ұйымдастырылған флешмобқа үш мың оқушыдан бөлек елордадағы 119 мектеп пен балабақшаның 15 мың өрені қосылды.

Шерхан Абзалұлы, Ақылбек Есімсейітов