Ақтауда жас босанған аналарға мерекелік сыйлық үлестірілді
Ақтауда да Наурыз мерекесіне орай жас босанған аналарға арнайы сыйлықтар үлестірілді.
Игі шараға «Жомарт жүрек» орталығының өкілдері мен жергілікті кәсіпкерлер атсалысты. Олар ұлттық ас-сусындар мен гигиеналық заттар салынған қоржындарды перзентханадағы аналарға табыстап, мерекемен құттықтады. Ақтауда қазір көрме-жәрмеңке де өтіп жатыр. Танымдық шарада Маңғыстау өңірінің қолөнер шеберлері өз бұйымдарын көпшілік назарына ұсынды.
Ассамблея жанында бізде «Жомарт жан» орталығының мүшелері бар. Сонымен қатар қайырымды жандар бар. Осы сәбилі болған аналарымызды құттықтау үшін сіздерге арнайы келіп тұрмыз.
«Ана мен бала» орталығында 200-ден астам әйел бар. Кейбірі жақында сәбилі болды. Жас босанған аналар жағдайын сұрап, сыйлық үлестірген қайырымды азаматтарға дән риза. Наурыз қоржынға ана мен баланың киімі, сүзбе, айран-шұбат секілді жергілікті жерде өндірілген ас-сусын салынған.
Сәбина Алым, қала тұрғыны:
- Балалардың жаялығы және күнделікті қолданатын емізігі бар. Әртүрлі бұйымдарды аналарға арнап, қосып алып келдік. Тек Наурыз мерекесінде ғана емес, күнделікті осындай жақсы, игі істерге атсалысуға барлықтарыңызды шақырамыз.
Бекзат Байхашев, акушер-гинеколог:
- 13-16 наурыз аралығында 53 ана босанды. Оның 25-і ер бала және 28-і қыз бала болып келеді. Сонымен қатар олардың ішінде осы аралықта 1 егіздердің босануы тіркелді. Аналар мен балалардың жағдайы тұрақты.
Сонымен қатар Ақтауда Наурызнама онкүндігі аясында көрме-жәрмеңке өтіп жатыр. Көрермен ұлттық нақыштағы бұйымдарды тамашалап қана қоймай, төмен бағамен сатып ала алады. Көрмеде төрт түліктің терісі мен жүнінен жасалған киім-кешек, кәдесый, құрақ және тоқыма өнімдерінің сан алуан түрі бар. Қолөнер шеберлерінің ең жасы 13-те болса, ең үлкені сексеннің сеңгіріне шыққан.
Мәриям Бекмағанбетова, қолөнер шебері:
- Қолымыздан келген өнерімізді халыққа, жастарға насихаттап ілмеу, өрмек, кілем бәрін де өзіміз қолмен тоқыдық. Қазақтың ұлттық өнері ғой, оның дамығанына біздер қуанамыз. Мынау ағаш үйдің шаңыраққа байланған, шаңырақтың бұйымы, мынау кәдімгі күлте. Есікке тағып қойып жатыр қазір, жастар бақытты болсын, тіл-көзден аман болсын деп.
Көрме аясында шеберлер танымдық дәріс өткізіп, көпшілікке сәндік-қолданбалы бұйымдарды үй жағдайында жасау тәсілдерін көрсетті. Бір айта кетерлігі, Маңғыстауда әз Наурыз мерекесі күндері 325 іс-шара өтеді деп жоспарланған. Алдағы күндері Ақтаудағы тарихи-өлкетану музейінде ұлттық ойындар апталығы ұйымдастырылады.
Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев