Астанада жастар Шаңырақ күні неке қиды

Шаңырақ күнінде отау көтерді.

Айтулы датада, астаналық жас жұбайлардың неке қию рәсімі мерекелік шарамен айшықталды. Сонымен қатар берекелі отбасы үлгісін көрсеткен, күміс кереге, және алтын шаңырақ иелеріне құрмет көрсетілді.

Шаңырақ күніне орай Сарыарқа ауданында өткізілген салтанатты іс-шара кезінде 2 бірдей жұптың некесі қиылды. Енді олар үшін бұл күн — қос мереке. Ерлі-зайыптылар шараға қазақы нақышта киініп келіп, ұлттық құндылықты ұлықтады.

Назар Төкен, қала тұрғыны:

- Шаңырақ күнімен құттықтаймыз! Өзімізге де күтпеген жағдай болды. Жұбайым екеуміздің неке қию рәсіміміз осы күнге келгені үшін өте қуаныштымын. 

Сондай-ақ отау құрғанына 25 және 50 жылдан асқан ерлі-зайыптыларға құрмет көрсетілді. Олар өмірдің қайғысы мен қуанышын қатар еңсеріп, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген. Сонысымен көпке үлгі.

Серік Шайман, қала тұрғыны:

- Менің өмір тәжірибемнен алатын болсам, адамда әуелі махаббат бағы басталады. Одан кейін сенім бағы деген болады. Одан кейін қимастық бағы деген бар. Бүгінгі бас қосып отырған жастарға мен осыны айтқым келеді.

Мазмұнды шараны жастар ресурстық орталығы мен жастар саясаты басқармасы үшінші жыл қатарынан өткізіп отыр. Осы арқылы кейінгі буынға отбасы институтының мән-маңызын түсіндіруді мақсат еттік, дейді ұйымдастырушылар.

Арайлым Сапарәлі, "Астана жастары" жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы:

- Жастарға отбасының қаншалықты маңызды екенін түсіндіру және жас жұбайларға осылай мерекелік көңіл-күй сыйлау, ата-әжелерінің жолын берсін деп, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру мақсатында өткізіліп отыр.

Шара соңында жас жұбайларға, күміс кереге және алтын шаңырақ иелеріне сый-сыяпат табысталды. Дәстүрлі шара келесі жылы да жалғасады.

Еркебұлан Смадияров, Арман Ақшабаев