Астанада зейнеткерлер ұлттық киім тігеді

Бүгін - Наурызнама онкүндігі бойынша Ұлттық киім күні. Қазақ халқының тымақ, бөркінен бастап, саптама етігіне дейін дәуірден-дәуірге көшіп, баба болмысын, ана қасиетін паш етіп келеді.

Бұл дүниелер салт-дәстүріміздің айқын көрінісі. Ою-өрнекпен көмкерілген қазақы киіміге уақыт өткен сайын сұраныс көбеймесе азаяр емес.

Заман озған сайын киім тозады, ол рас. Дегенмен бұрынғыны көрген үлкендер кейінгіге тігіншілік, ісмерлік өнерді үйретіп, аманат етіп жүр. Астанада ісмер әжелер бір орталыққа жиналып, ұлттық киім тігеді.

Еркебұлан Смадияров, тілші:

- Астанадағы белсенді ұзақ өмір сүру орталығындаәжелеріміз қазақтың ұлттық киімдерін тігеді. Мінекей, мынау дайын өнімдер. Ал матаның қалдықтарынан құрақ көрпе және мынадай әдемі қуыршақтар тігіп, нарыққа шығарады.

Альфия Чернятевич, қолөнер шебері:

- Иә, біз жәрмеңкелерге апарамыз. Сұраныс бар. Әсіресе, қуыршақтар жиынтығын көп сұрайды. Сонымен қатар әшекей бұйымдар жасаймыз. Тойбастар үшін жиі алып жатады.

Астанадағы орталықта тоқсанға жуық зейнеткер ұлттық киім тігеді. Алды - 87 жаста. Әжелеріміз оюмен әдіптеген шапан, қамзол, кимешек, көйлектер қазір мереке, той-думанда ғана емес, күнделікті өмірде сәнге айналғанын қалайды. Тіпті өз өнімдерін ақысыз тегін де таратып жатады. 

Бақыт Мақашева, тігінші:

- Мына шапаандарды, кимешектерді өзіміз тіктік. Өзіміздің балаларымызға үйретіп жатырмыз қазақтың дәстүрін ұмытпасын деп. Кимешек, көйлектер тігеміз. Сосын шұлық тоқимыз. Балалар үйінің балаларына арнап, апарып береміз.

Айман Уменова, тігінші:

- Қазіргі жастар қазақы киімді кию керек, үйрену керек. Ою ою керек. Тақияларды әдемі қылып киіп, бұрынғы әдемі жігіттер, жастар, әп-әдемі қыздар шолпыларын салпылдатып, үкілі тақияларын киіп, қандай әп-әдемі, соны ұмытпау керек.

Әжелер реті келсе, ұлттық өнерді кез келген жасқа үйретуге әзір. Орталықта сәнді киім тігіп қана қоймайды, алаша, кілем тоқиды. Осында ұршық иіру үйірмесі де жұмыс істеп тұр.

Зере Мәуленберген, Белсенді ұзақ өмір сүру орталығының баспасөз қызметкері:

-  Біздің қызмет алушылардың арасында 80 пайызы, яғни 11 702 адам 70 жасқа дейін. Олардың көбі - әйел адамдар. Киім тіккенді жақсы көреді. Сонымен қатар арт-терпапияның әжелері киімдерді тіккенмен, бірге әшекей жасағанды жақсы көреді. Олардың түрлі бұйымдары бар.

Ою-өрнекпен көмкерілген ұлттық киім ескінің көзі емес заманауи сән үлгісіне айналды қазір. Бұл істе әжелеріміздің де үлесі бары анық. Ал көпшілік қазір аптаның бір күнінде міндетті түрде қазақы киім киюді әдетке айналдырып келеді. Күнделікті киіп жүргендер де аз емес. Мұндай акция мектеп оқушылары арасында да мықтап қалыптасқан. Сол қуантады.   

Еркебұлан Смадияров, Санжар Біргебаев