Мәжілісте мемлекеттік қызметкерлердің жалақы мәселесі қаралды

Мемлекеттік қызметкерлердің жалақысы мардымсыз. Инфляция деңгейіне ілесе алмай отыр. 

Бүгін Мәжіліс мінберінде «Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасының бірінші оқылымында депутаттар осындай мәселені көтерді. Олардың айтуынша, мемлекеттік қызметкерлерге тағайындалған айлықтың аздығынан білікті кадрлар жұмыстан кетіп жатыр.

Ерлан Саиров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
-
Қазіргі таңда мемлекеттік қызметкерлер 150-250 мың теңгенің айналасында ғана алады. Бұл коммерциялық структурада істейтін немесе квазимемлекеттік структурада істейтін азаматтардың жалақысынан кей кездері 10 есе кем. Сондықтан олардың халық алдындағы жауапкершілігі өте үлкен. Алайда олардың әлеуметтік деңгейі төмен. Бізге осыны шешу керек. Яғни халыққа қызмет ететін адамда әрине материалдық деңгейі де қанағаттандырарлық болу керек.

Депутаттардың сауалына Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай жауап берді. Ол мемлекеттік қызметшілердің жалақысын индексациялау жоспары осы заң аясында көзделгінін айтты. Алайда айлық бірден емес, тек үш жылдан кейін ғана өседі.

Дархан Жазықбай, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы:
-
Индексациялау мемлекеттік қызметшілер үшін 2029 жылдан бастап көзделіп отыр. Заң жобасында көрсетілгендей, қазіргі таңда бұл индексация мемлекеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган арқылы жүзеге асады. Негізі индекстеу – Ұлттық экономика министрлігіне қарайтын құзірет. Сол себепті өзіміздің жеке көзқарасымыз бойынша, жеке сектор мен мемлекеттік қызметкерлердің арасындағы жалақының бәсекелестігіне байланысты деп отырмыз. Яғни біз мемлекеттік қызметшілердің жалақысы жеке сектормен бәсекелестікте болуын қамтамасыз етеміз. Осыған байланысты біз заңға өзгерістер енгізіп отырмыз.