Мас жүргізушілерді тексеру тәртібі өзгереді
Былтыр Алматыда 2000-нан аса адам ішімдік ішіп алып, көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылды. Бұл туралы қалалық Полиция департаменті хабарлады.
Осы орайда, Денсаулық сақтау министрлігі адамның ішімдік, ішкен-ішпегенін немесе есірткі қолданғанын тексеру тәртібін, жаңаша жүргізуді ұсынып отыр. Министрлік өкілдері: «Бұл бастама медициналық сараптаманың әділ өтуіне септігін тигізеді», - дейді.
Негізгі жаңалық – мас болу деңгейін анықтайтын сапалық көрсеткіштердің енгізілуі. Министрлік жүргізушінің психоактивті заттарды қолданғанын тіркеу үшін 0,3 промилле көрсеткішіне сүйенуді ұсынып отыр. Яғни сараптама 0,3 промиллені көрсетсе ішімдік ішті деп есептеледі. Мұндай норма бұрын да болған. Енді соны ресми бекітпекші.
Әсел Қыдыралиева, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі:
- Бұл бұрынғы бұйрықтағы жаңағы норманы қайтару емес, бұл – жаңашылдық, яғни пациентті толыққанды тексеруді қамтамасыз ету және кикілжіңді мәселелерді болдырмау және азайту мақсатында жасалады. Бұл – промилленнің таңдалуы халықаралық тәжірибеге сәйкес барлық дүниежүзілік Денсаулық сақтау ұйымдарының осындай нұсқамаларының негізінде таңдалған көрсеткіш.
Адамның ішімдік ұрттап, көлік айдағаны тек алкотестермен тексерілмейді. Жүргізушінің қаншалықты мас екені бұрынғыша кешенді зерттеу мен дәрігердің қорытындысынан кейін анықталады. Бұл қателіктің алдын алуға көмектеспек. Қазір Алматы қаласының Психикалық денсаулық орталығында екі зертхана бөлмесі бар. Ол жерде күніне 300-ге жуық сараптама жасалады.
Сапар Рахменшеев, Психикалық сауықтыру орталығының директоры:
- Бұл промиллеге қатып қалуға болмайды. Неге? Өйткені бұл біріншіден, организмге байланысты. Екіншіден, ішкі ағзалардың қызметіне байланысты. Дене пішініне байланысты. Ең бірінші, клиникалық көрсеткіштерін зерттейміз. Мынау адамның қан қысымы, көздің жарыққа әсер етуі, сөйлеуі, жүрісі осының барлығы клиникалық белгілерге кіреді.
Қазақстанда мас күйде көлік жүргізгендерге жаза бар. Заңбұзушылық дәлелденсе, сот шешімімен 15 тәулікке қамалып, жеті жылға жүргізуші куәлігінен айырылады.
Салтанат Әзірбек, қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі:
- Полиция қызметкерлері бірінші кезекте оны тізгіннен шеттетеді. Екінші кезекте, оны сот-наркологиялық сараптамаға жеткізеді. Егер сот-наркологиялық сараптама нәтижесінде масаң күйі дәлелденетін болса, әкімшілік құқық бұзушылық хаттама толтырылып, іс материалдары шешім шығару үшін сотқа жөнелтілетін болады.
Жаңа бұйрық азаматтың жеке басын анықтауды да жеңілдетеді. Мас адам аты-жөнін айтпаса, аудио немесе бейнежазба жасалады. Осылайша, жүргізушінің сараптама өткені дәлелденбек. Құжатты талқылау «Ашық Нормативтік Құқықтық Актілер» порталында 27 наурызға дейін жалғасады.
Авторлары: Ернұр Рысбай, Эдик Кон, Абен Нарымбаев