Жаңа өмір - жаңа ағаш
Жаңару күнінде елордада туған әр сәбидің өз ағашы болады. Астана қаласы Есіл ауданының әкімдігі осындай бастаманы қолға алды.
Бүгін олар перзентханаға барып, жас аналарға арнайы сертификаттар мен бағалы сыйлықтар табыстады.
Бүгін перзентін қолына алған ата-аналар үшін ерекше күн. «Наурызнама» онкүндігінің жаңаруына орай Есіл ауданының әкімі жаңа туған сәбилерге арнап қала орталығынан ағаш егуге орын берді. Оны QR-кодты сертификатпен табыстады. Онда нәрестенің құрметіне егілетін ағаштың орны көрсетілген.
Аудан әкімінің айтуынша, бұл еліміздің заман көшінен қалмай, дамып келе жатқанының айғағы. Сонымен қатар әр сәбиге электронды бесік берілді.
Дарменияр Қыдырбекұлы, Астана қаласы Есіл ауданының әкімі:
- Біздің орталық скверлеріміздің біріне, Абу-Даби плазаның жанына, сол отбасының жаңадан ағаш беріледі. Оның символикалық мағынасы өте терең. Біріншіден, біз «Таза Қазақстан» дейміз, жасыл желектерді көбейтіп, ағаштарды отырғызу керек. Екіншіден, отбасылық құндылықтардың маңызын көрсетеді.
Ежелден жаңа туған сәбиге арнап ағаш егілген. Бұл ұрпақ сабақтастығын білдіреді. Сәбидің өмірінің алғашқы күндерінен бастап, туған жерімен байланыстырған. Осылайша табиғатқа жауапкершілік қалыптасып, әр бала қоғамдағы рөлін сезіне алады.
Жанеля Жакупова, егіздің анасы:
- Әрине, осы екі қызымыздың ағашын отырғызамыз. Себебі ер адамның басты міндеті - осы өмірде үй салу, ағаш отырғызу, отбасы құру. Соның бәрін жасадық деп ойлаймыз, енді кішісі қалды - осы ағаш отырғызу. Бізге әкімдіктен бесіктер берілді, үлкен рақмет.
Шараға қатысқан ата-аналар ерекше әсер алды. Олар мемлекет тарапынан жас ұрпаққа көрсетілген қамқорлықты жоғары бағалап, бұл бастаманың балалардың болашағына маңызды үлес қосатынына сенім білдірді.
Асылжан Құрманғали, Санжар Біргебаев