Ақтөбеде заманауи киіз үй тігілді
Ақтөбе қаласында Наурызнама аясында заманауи технологиямен жабдықталған киіз үй тігіліп, көпшілікке таныстырылды.
Бұл бастама елімізде жарияланған цифрландыру жылымен ұштасып, ұлттық дәстүр мен инновацияны үйлестірген тың формат ретінде назар аудартты. Көшпелі үлгідегі бұл ерекше баспанада келушілер үшін түрлі цифрлық мүмкіндіктер қарастырылған. Мұнда роботтар, VR-көзілдіріктер және интерактивті экрандар орнатылып, келушілерге жаңа форматтағы тәжірибе ұсынылады. Жасанды интеллект көмегімен жасалған 3D бейнелер арқылы ұлттық тарихты тереңірек тануға болады. Сонымен қатар, киіз үй ішінде арнайы VR-экскурсиялар ұйымдастырылып, пайдаланушылар қазақ халқының өткені мен мәдени мұрасын виртуалды кеңістікте тамашалай алады. Шара аясында жергілікті жас өнертапқыштардың мобильді қосымшалары да таныстырылды.
Абдуллаһ Серожатдин, студент:
- Бұл сервисті адам өзінің жеке мақсаттарында қолдана алады. Мысалы, стресті жеңілдету, депрессияны азайту. Онда менталды денсаулыққа бағытталған бірнеше құралдардың түрлері бар. Аффермациялар, цитаталар, дәйексөздер және бұл бағыттарды қолдану арқылы адам өзінің стресс деңгейін әжептәуір түсіре алады.