Әмірлікте қазақтың бай мұрасы дәріптелді

Біріккен Араб Әмірліктерінде қазақтың дәстүрлі тұрмыс салты мен бай болмысы дәріптелді. Абу-Дабиде киіз үй тігілді. Жұртшылық ұлттық қолөнер бұйымдарын тамашалады. 

Толеранттылық фестиваліне 30-ға тарта мемлекеттің өкілі келген. Бізден белгілі этнодизайнер Ырза Тұрсынзада таңдаулы топтамасын ұсынды. 

Рауан Мыңбай, тілші:

- Қазақтың бай мәдениеті әлемдік деңгейдегі сахна мен алаңдарда кең дәріптеліп жүр. Кейінгі кезде осындай көз қуантар көріністі Абу Дабидің «Umm Al Emarat» саябағында жиі көруге болады. Бұл жерде жұрт жағалай өзін өзгеден ерекшелейтін сұлулық пен құндылықты насихаттайды. Біздің киіз үй тәрізді әр ұлттың бірегей нышандары төрге озады.

Қазақстан секілді Араб Әмірліктері де ынтымақ-бірлік ұғымын қастерлейді. Елде жүзден астам ұлт өкілі тату-тәтті тұрады. Жыл сайын қарашада өтетін мәдени фестиваль сол бірегейлікті одан әрі байыта түсуді көздейді. Биыл да дәстүр жалғасын тапты.

Әли Әлкубаси, Абу Даби тұрғыны:

- Орталық саябаққа келіп, түрлі мемлекеттің мәдениетімен танысып жүрміз. Қазақстаннан қолөнер шеберлері келгеніне шын қуаныштымын. Мынадай зергерлік бұйымдарды көп жерде кездестіре алмаймыз. Олар шын мәнінде ерекше.

Қазақстан Елшілігі ұлттық болмысымызды айшықтайтын сәттен шет қалмады. Танымдық іс-шара дипмиссия өкілдері арқылы жан жақты мазмұнда өрбіді. Фестиваль алаңына киіз үй тігіліп, жауһар жәдігерлер қойылды. 30-ға тарта мемлекет өкілі қазақы болмысқа тән дүниелерді қызыға тамашалады.

Ырза Тұрсынзада, этнодизайнер, қолөнер шебері:

- Бұл жерге қатысуымыздың өзі заңдылық деп ойлаймын. Республикалық «Бақытты отбасы» орталығы аналарының қолынан шыққан төл өнер осы көрменің көзайымына айналды. Біздің ұлтымыздың тақиясы, киімі, зергерлік бұйымдары, мына тұрған қараүй бүкіл мемлекет адамдарының жүрегін жаулап алды.

Ісмерлердің айтуынша, дәстүрлі тұрмыс-салтымыз тәлім-тәрбиеге толы. Оған әлем жұрты осындай ауқымды іс-шаралар кезінде көз жеткізіп келеді. Елдің көне мұрасын танытып, бай болмысын дәріптеудегі негізгі мақсат та осы болса керек.

Авторы: Рауан Мыңбай  

Сондай-ақ оқыңыз: