Елімізде бес жылда 1,6 млрд ағаш отырғызылды
Бұл – Президенттің пәрменімен «Таза Қазақстан» бастамасы аясында іске асқан шаруа. Премьер-министр Олжас Бектенов Мемлекет басшысының бастамасын жүзеге асыруға бағытталған мониторинг орталығының отырысын өткізді.
Жиында орман алқаптарын құру, өңірлерде экологиялық жобаларды жүзеге асыру мәселелері қаралды. Оның ішінде Арал теңізі аймағында экологиялық ахуалды жақсарту мәселесі де бар. Қазір онда сексеуіл алқаптары егіліп жатыр. Олар тұзды дауылдарға тосқауыл болып, өңірдің экожүйесін қалпына келтіруге сеп болады. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, биыл 210 млн-нан астам көшет егу жоспарда бар. Бүгінде 243 орман тәлімбағында шамамен 157 млн көшет өсірілген. Тәлімбақтарда тағы алты жоба жүзеге асырылмақ. Осылайша, жылына 6 млн көшетті өсіру көзделіп отыр.
Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:
- Президентіміздің «Таза Қазақстан» бастамасының негізгі қағидаттары, оның ішінде халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау, табиғатқа ұқыпты қарау сияқты негізгі құндылықтар еліміздің жаңа Конституциясында нақты бекітілген. Табиғатты қорғау – құр сөз емес, ол – баршамыздың ортақ конституциялық борышымыз. Бұл ретте халықтың өмір сапасын жақсарту, айналаны көркейту, жұртқа қолайлы жағдай жасау, қоғамның экологиялық мәдениетін арттыру, гидрологиялық жүйені қалпына келтіру бағытында атқарылып жатқан іс-шаралармен бірге орталықтың жұмысы да ерекше маңызға ие болады. Барлық мемлекеттік органдар жұмысты жандандыру қажет.