Ақтөбеде дәстүрлі спорт түрлерінен жарыс басталды
Ақтөбеде боз кілем шеберлері белдесіп, мергендер нысана көздеді. Ептілер мен білектілер «кіл мықтының ішінен шын мықтыны» анықтады.
Мансұр Есқожин, тілші:
- Боз кілемге палуандар шығып, білектілер қол күрестіріп, арқан тартты. Ал құралайды көзге атқан мергендер садақ атып, балалар асық ойнады. Соңғы жылдары өңірде ұлттық спортқа қызығушылық артқан. Бұл туралы салаға жауапты басқарма басшысы атап өтті.
Мейрамбек Махамбетов, Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасының басшысы:
- Бүгінгі күні Ақтөбе облысында және де еліміз бойынша ұлттық спорт түрлеріне ерекше көңіл бөлініп жатыр. Ұлттық спорт түрі олимпиадалық спорт түрлерімен теңестірілгенін барлығыңыз жақсы білесіздер. Сонымен қатар көшпенділер ойындары ұйымдастырылып, Қазақстанда өткен жылдары ел арасында қарқынды қызығушылық артты. Ақтөбе облысында 30 мыңнан астам адам тұрақты түрде ұлттық спорт түрімен айналысады. Сонымен қатар көкпардан аударыспақтан кәсіби спорт клубтары жұмыс істеп жатыр.
Ұлттық спорт алаңында жас шамасына қарай, салмағына қарай кез келген үміткер бақ сынай алады. Сондықтан жарысқа кәсіби спортшылармен қатар әуесқойлар да қатысты. «Күш атасын танымайды» демекші кез келген үміткердің Наурыз жеңімпазы атануға мүмкіндігі бар.
Әшім Қали, қала тұрғыны:
- Наурызнама деп жатыр. Ол қандай керемет зат. Осы бірінші күннен қатысып келе жатырмыз. Бүгін – ұлттық спорт күні. Соған үйдегі барымызды киіп келе жатырмыз. Мен үшін ерекше мейрам. Садақ атуға, күресуге болады. Не бар, бәріне дайынбыз.
Жалпы тай жарысы мен қыз қуу, қазақ күресі мен арқан тартысы сияқты ұлттық ойындар Наурыз мерекесінің айнымас бөлшегіне айналған. Сондықтан мұндай спорттық шаралар облыстағы барлық қала мен ауылда өтіп жатыр.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов