Елордада әз-Наурыз мерекесі тойланды
Табиғат жаңарып, тіршілік қайта жанданатын, жасампаздықтың бастауы болған әз-Наурыз мейрамы елорда төрінде айрықша атап өтіліп жатыр.
Дүбірлі думанның бірі – «Қазақ елі» монументі алаңында ұйымдастырылған. Есілдің жағасындағы жұрт бүгін ертемен келіп, ұлыс күнін ұлықтаған түрлі бағдарламаны тамашалап жатыр.
«Қазақ елі» монументі алаңындағы биылғы наурыздың атмосферасы ерекше. Сарайшық ауданы бұл маңды нағыз орта ғасырдың қалашығы жасапты. Кіреберіс пен жоғары жаққа арнайы қорған қойыпты. Ұлы Жібек жолы бойындағы киелі көш керуені де бейнеленген. Қос қапталда бірнеше жәрмеңке бұрышы қойылған. Әрбірінде ұлттық құндылық пен салт-дәстүр менмұндалап тұр. Қолөнер бұйымдары, түрлі аспаптар мен спорттық ойындарды көруге болады. Технологияға да тіл бітіріпті.
Серікбай Ерімбетов, қала тұрғыны:
- Өте керемет! Құдайға шүкір, жыл да осылай тойланып жүр. Өйткені наурыз – жыл басы. Ақ түйенің қарны жарылған мезгіл.
Феруза Бопыш, қала тұрғыны:
- Өте қатты ұнады. Әдемі безендірілген. Алдыңғы жылдардан қарағанда өте әдемі. Ертеңдері тағы келеміз, тамашалаймыз.
Алаңға ала таңнан асыққан жұрттың қарасы қалың. Түс ауа сахна маңы елордалықтарға толды. Келушілер тегіс ұлттық киімді ұлықтай келген. Қазақы шапан, камзол, әдемі әшекейлерін асынып алыпты. Әкімдік ұйымдастырған түрлі сайыстар да көпшіліктің көңілін көтеріп тастады.
Нұрикамал Болатхан, қала тұрғыны:
- Мен Алматыдан келдім. Жаңа біз итті робот көрдік. Ол бізге: «Привет» деді де, жүрек көрсетті.
«Қазақ елі» монументі алаңындағы думан мұнымен бітпейді. Нағыз қызық кешке басталайын деп тұр. Астаналықтар айрықша форматтағы дроншоуын тамашалай алады. Шара 19:00-ге жоспарланған.