Тараздағы Наурыз тойына 6 мың адам қатысты  

Ұлыстың ұлы күнін тойлау үшін Тараздың орталық алаңына 6 мыңға жуық адам жиналды. 

Мерекелік шара 600 адамның қатысуымен қойылған «Жаңа күн» атты театрландырылған көрініспен басталды. Көпшілікке сахнадан Ұлыстың ұлы күні жайында композиция ұсынылып, дәстүрлі ән мен биден шашу шашылды. Сондай-ақ Төле би көшесінің бойына қазақы салт-дәстүрге негізделген 15 киіз үй тігілді. Ерекшелігі – олардың әрқайсысына атау беріліп, соған қарай түрлі жәдігерлер қойылған. Мерекеде ұлттық спорт түрлері де ұлықталды. Тұрғындар арасында садақ ату, арқан тарту, асық ату, қол күрес пен тоғызқұмалақтан жарыстар  ұйымдастырылды.