Биыл Алматыда Наурыз тойы цифрландыру мен жасанды интеллект жылы аясында өтіп жатыр
«Наурызнама» деп аталатын тұжырымдама қабылданды. Соның аясында 200-ден астам ауқымды мәдени-көпшілік іс-шара жоспарланған.
Қала тұтастай дәстүр, заманауи мәдениет пен технология тоғысқан біртұтас мерекелік кеңістікке айналды. Бірнеше киіз үй тігілді. Әрқайсысының атауы бар. Мәселен, Робо киіз үйде алматылық оқушылардың робототехника бағыты бойынша жасалған жобалары қойылды. Ал DIGITAL 360 киіз үйі LED-экрандармен, арнайы дыбыстық эффектілермен жабдықталған. Мұнда кірген адам Шымбұлақ, Медеу, Көктөбе сияқты көркем жерлермен виртуалды түрде таныса алады. Сонымен қатар музыкалық аспаптарға, қолөнер бұйымдарына, археологияға, қазақ ақындарына арнап киіз үйлер бой көтерді. Концерттік бағдарлама, ұлттық спорттық ойындар , қолөнер бұйымдарының көрмесі, кітап фестивалі сияқты шаралар мерекенің көркін қыздыра түсті. Оған қоса, шаһарда үш күн бойы Түркі әлемі халықтарының көрме-жәрмеңкесі өтеді.