«Soltüstik Qazaqstan» газетіне 105 жыл толды
Петропавлда «Soltüstık Qazaqstan» газетінің 105 жылдығына арналған ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Елдегі байырғы басылымдардың бірінің мерейтойы жай ғана атаулы дата емес, тұтас өңір жұртшылығы үшін мәні зор оқиғаға айналды. Іс-шара барысында редакция қызметкерлеріне Мемлекет басшысының атынан марапаттар табысталды. Сонымен қатар газет тарихы мен қазақ журналистикасы және Қазақстанның қоғамдық ойының дамуына өлшеусіз үлес қосқан тұлғалар кеңінен сөз болды.
«Soltüstık Qazaqstan» газеті аймақтың рухани және ақпараттық өмірінің ажырамас бөлігіне әлдеқашан айналған. Ғасырдан астам уақыт бойы өңір тұрғындары маңызды жаңалықтарды, ел өміріндегі өзгерістер мен жетістіктерді осы басылым арқылы біліп келеді. Мерейтойлық жиынға қатысқан ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев Мемлекет басшысының атынан өңірдегі қазақ баспасөзінің қара шаңырағында ұзақ жылдар бойы еңбек етіп келе жатқан қызметкерлерге «Құрмет» ордендері мен «Ерен еңбегі үшін» медальдарын табыстады. Жалпы іс-шара барысында 13 адам марапатталды.
Мәлік Отарбаев, ҚР Президентінің кеңесшісі:
- «Солтүстік Қазақстан» редакциясынан шыңдалып шыққан қаламы жүйрік журналистер еліміздің ақпарат саласын дамытуға зор еңбек сіңіріп жүр. Басылым алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра береді деп сенемін. Баршаңызға амандық, табыс тілеймін! ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мерейтой иелерін облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов те құттықтады. Аймақ басшысы «Soltüstık Qazaqstan» газетінің қоғамдағы рөлін ерекше атап өтті. Басылымға нақты қолдаудың бір көрінісі биыл ұжым жаңа автокөлікпен қамтылды. Газетте қазақтың біртуар тұлғалары Мағжан Жұмабаев, Смағұл Садуақасов, Сәбит Мұқанов сынды қайраткерлер қолтаңбасы қалған. «Бүгінде газет заман талабына сай жаңарып, өңір тынысын шынайы жеткізіп отыр», - деді облыс әкімі. «Құрмет» орденімен марапатталғандар қатарында Зарап Құсайынов пен Нұргүл Оқашева бар. Ал газет жауапты хатшысы Жадыра Қанафинаға «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.
Жадыра Қанафина, «Soltüstik Qazaqstan» газетінің жауапты хатшысы:
- «Soltüstık Qazaqstan» газетінде 2008 жылдан бастап жұмыс істеп келе жатырмын. Алғашқы уақытта «Қызылжар нұры» газетінде тілші болып келген едім. Кейін «Soltüstık Qazaqstan» газетінде тілші, аға тілші, бөлім меңгерушісі, ал бүгінде жауапты хатшы болып қызмет атқарамын. Марапат аламын деп күткен жоқпын, өте қуаныштымын.
Бүгінде аптасына 2 рет шығатын газетте отызға жуық адам еңбек етеді. «Басылымның таралымы 9 мың данаға жуықтаған. 105 жылдық белесті бағындырған «Soltüstık Qazaqstan» газетін шын мәнінде халықтың көзі, құлағы һәм тілі деп толық сеніммен айтуға болады», - деді жиында сөз алғандар.
Авторлары: Талғат Серікқалиұлы, Дмитрий Николаев