Алматыда екі әлемдік рекорд тіркелді

Наурыз мейрамы қарсаңында Алматыда екі әлемдік рекорд тіркелді. Нәтиже Топжарған этномәдени орталығының каскадер-шабандоздарына тиесілі.

Рекорд Жетісу ауданында ұйымдастырылған мерекелік іс шара аясында жасалды. Мұнда қала тұрғындарына арнап танымал эстрада жұлдыздары өнер көрсетті. Киіз үйлер тігіліп, ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті. 

Мерекені тойлауға келген адамның қарасы көп. Бірі ұлттық спорт түрлерін тамашалауға келсе, енді бірі ән тыңдауға келген. Әсем әнді сүйетіндерге сахна төрінде Розы Рымбаева, Ернар Айдар, Мөлдір Әуелбекова және басқа да танымал әншілер өнер көрсетті. 

Ернұр Рысбай, тілші:

- Жетісу ауданындағы ипподромда мерекелік көңіл күй жақсы байқалады. Әншілердің концертін тамашалаған соң Алматы тұрғындары шабандоздардың өнерін көруге ойысты. Мұнда көкпар, жамбы ату мен теңге ілуден жарыстар өтті.

Нұржан Нұрлыбай, Жетісу облысының тұрғыны: 

- Үйдегі балақайларымыз демалысқа шығып, осындай ұлттық спортты, жарыстарды көрсін деп арнайы алып келдік. Ұлттық спортты бойына, жадына сіңіріп өссін дейміз.

Атшабарда алғашқы рекордты 24 жасар Динара Сайдалина жасады. Ол түйенің үстінде отырып жамбы ату арқылы тарихқа есімін жазды. Батыр қыз сағатына 35 шақырым жылдамдықпен 100 метр қашықтықта орналасқан төрт нысанаға жебесін дәл тигізді. Динара бұл рекордты 9 секунд ішінде жасады.

Динара Сайдалина, Топжарған этномәдени орталығының каскадер-шабандозы:

- Өзімнің эмоциямды сөзбен айтқызып жеткізу мүмкін емес. Себебі өте көп дайындалдық, қатты уайымдадық. Бүгін еңбектің ақталған күні болды. Түйненің үстіне мінгеніме бір жылдай болды. Ал осы әлемдік рекордты орнатамыз деген бізде жоспар, осы екі ай ғана бұрын.

Қыркүйек айында екі аттың үстінде тік тұрып рекорд жасаған жас шабандоз, екінші мәрте рекордсмен атанды. Ал бүгінгі рекордын Айқасқа есімді бір аттың үстінде жүгенсіз тік тұрып жасады. Ол жоғары жылдамдықта 500 метр ара қашықтықты шауып өтті. Ернар Жасұзақ өз мықтылығын әлемге екінші мәрте дәлелдеді.

Ернар Жасұзақ, Топжарған этномәдени орталығының каскадер-шабандозы:

- Бұл рекорд ерекшелігі – ат спортын дамыту. Аттың үстінде қол жіберіп шабу  еркіндіктің символы деп білемін. Сондықтан осы ата-бабамыз аттың құлағында ойнаған  деген сөздің осындай іс жүзінде дәлелдері көбейе берсін.

Мерекелік іс шараға 50-ге жуық шабандоз қатысты. Аттың құлағында ойнаған қыз-жігіттер көпшілік көпшілік көңілінен шықты. Осындай іс шаралар ат үстіндегі ұлттық спорт түрлерін дамытары сөзсіз.

Авторлары: Ернұр Рысбай, Валентин Лобанов