Алматы әуежайының ішкі рейстер терминалын жаңғырту жұмыстары аяқталды
Алматы халықаралық әуежайының жаңартылған ішкі рейстер терминалы ашылды. Бір жылдан аса жүргізілген жаңғырту жұмысына 32 млн доллар инвестиция тартылды, деп хабарлайды 24KZ.
Нәтижесінде жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарып, терминалдың өткізу мүмкіндігі артты. Енді әуежай жылына 9 млн-ға дейін жолаушы қабылдай алады.
Жаңартылған терминалдың инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сай жабдықталған. Мұнда тіркеу орындары көбейіп, ұшу алдындағы тексеру аймағы кеңейтілген. Жолаушыларға арналған сегіз отырғызу аймағы жаңартылып, үш жаңа телескопиялық трап орнатылған. Жүктерді сұрыптау және беру жүйелері де толық жетілдірілді.
Әсел Жанасова, ҚР Премьер-министрінің орынбасары – Көлік министрі:
– Көлік инфрақұрылымын дамыту ол еліміздің стратегиялық бағыттарының бірі. Еліміздің іскерлік және қаржы орталығы Алматы қаласы үшін әуежайды дамытудың маңызы зор. Бұл жолаушыларға қызмет көрсету сапасын арттыруға, қаланың туристік және іскерлік әлеуетін дамытуға, сондай-ақ оның өңірдегі ең ірі авиациялық торап ретіндегі ролін нығайтуға ықпал етеді.
Терминалды жаңарту жұмыстары 2025 жылдың қыркүйегінде басталған. Жоба аясында инженерлік жүйелер толығымен жаңартылып, санитарлық бөлмелер, ана мен бала бөлмесі жөндеуден өткен. Сонымен қатар жаңа дүкендер мен тамақтану орындары ашылды. Әуежай басшылығының айтуынша, атқарылған жұмыстар терминалдың өткізу қабілетін арттырып қана қоймай, жолаушыларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
Гокер Косе, Алматы халықаралық әуежайының президенті:
– Ішкі рейстер терминалын жаңғырту жұмыстары әуежайдың қалыпты жұмысымен қатар жүргізілді. Себебі терминал жүктемесі жоғары, жыл сайынғы жолаушылар ағыны 6 миллионнан асады. Біз 13 ай ішінде жолаушыларға қолайсыздық туғызбай, ұшуға дайындалып жатқан адамдардың қозғалысына кедергі келтірмей, құрылыс жұмыстарын аяқтау үшін бар күшімізді салдық.
Жаңғырту аясында ішкі рейс жолаушыларына арналған VIP залдары да толығымен жаңартылды. Ауданы 750 шаршы метр болатын ұшу залы бір мезетте 110 қонақты қабылдай алады. Мұнда тамақтану және демалу аймақтары, келіссөздер бөлмесі қарастырылған.
Дархан Сатыбалды, Алматы қаласының әкімі:
- 120 млн доллар биыл салынды. Келесі жылы 150 миллион доллар салады деп жасап отыр. Біз әкімшілік тарапынан барлық жағдай жасап беріп отырмыз. 132 гектарды біз өзіміздің меншігімізден бұларға өткізіп, ары қарай дамытуына жағдай жасап отырмыз. Қазір бір ұшу жолағы, сосын екінші, үшіншісі ұшу жолақтары соғылатын болады. Оның нәтижесінде бізде жолаушылардың саны жылдан жылға артып, бәсекеге қабілеттілік те жоғарылай береді.
Әуежайды жаңғырту жұмыстары алдағы уақытта да жалғасады. Жоспар бойынша 130-дан астам инфрақұрылымдық жоба жүзеге асырылады. Олардың қатарында ұшу-қону жолақтарын жаңарту, мұздануға қарсы арнайы алаң тұрғызу және жүк инфрақұрылымын дамыту бар.
Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Әбен Нарымбаев