Ұлыстың ұлы күнін қызылжарлықтар да кең көлемде тойлап жатыр
Қазір қаланың басты алаңында Наурызға арналған мерекелік концерт басталды.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Солтүстік Қазақстан облысында қыстың ызғары әлі кете қойған жоқ. Өңірде қардың көбесі сөгілсе де, ен дала “аппақ көрпеге” оранып жатыр. Дегенмен, малдың аузы көкке тимесе де, жұрттың аузы ағарғанға тиді. Наурыз мейрамы Петропавлда кең көлемді тойланып жатыр. Мерекелік іс-шаралардың шымылдығы кеше аудандардан басталған еді. Ал бүгін облыс орталығында жалғасты. Басты алаңда ақшаңқан күйіз үйлер тігіліп, даладай дастархан жайылды. Сахна төрінде өнер ұжымдары ән мен жырдан шашу шашып, концерттік бағдарлама ұйымдастырған. Жиналған жұртшылықтың көңіл күйі көтеріңкі. Қыстан аман шыққан ағайын бір-бірін көріп, құшақ жая амандасып жатыр.
Аян Садаев, қала тұрғыны:
- Бүгінгі мереке бәрімізге құтты болсын! Ақ мол болсын! Әр үйде ырыс болсын! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Осы жылымыз бәрімізге береке әкелсін! Әрине, бүгінгі күннің өзі жарқырап тұрғаны солтүстік қазақстанға деген паш етіп жатқар мерекелік көңіл-күй сыйлап жатыр.
Айдарбек Айтмұхамбетұлы, тілші:
- Ұлыстың ұлы күні Петропавлда ұлттық спорт түрлері де ұлықталды. Басты алаңда жергілікті тұрғындар асық ату, тоғызқұмалақ, садақ ату, тіпті қазақ күресінен сынға түсіп, өзара мықтыны анықтады. Ал қолөнер шеберлері көрме ұйымдастырып, өздерінің бұйымдарын ұсынды. Наурызға арналған мерекелік іс-шаралар қала бойынша кешке дейін жалғасады.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков