Жолдау-2026: азаматтық қоғам елді біріктіреді
Қоғамдық келісімді сақтау және жастарды елдің дамуына тарту – мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі, деп хабарлайды 24KZ.
Президент Жолдауында айтылған осы және өзге міндеттер Солтүстік Қазақстан облысындағы этнос өкілдерінің қатысуымен өткен жиында талқыланды. Іс-шараға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері де қатысты. Өңірде 28 этномәдени бірлестік бар, 50-ден астам этностың өкілдері тұрады. Жиында ел бірлігін нығайту мен азаматтық белсенділікті арттыру мәселелері көтерілді. Қоғам қайраткерлері жастарды игі бастамалар мен волонтерлікке тартудың маңызын атап өтті. Халықтың цифрлық сауаттылығын арттыру, жасанды интеллектіні күнделікті өмірге енгізу жәйі да сөз болды.
Руфина Усанова, Қазақстан Халық Кеңесінің мүшесі:
– Басты тақырып – этномәдени бірлестіктердің елдегі тұрақтылық пен бірлікті сақтаудағы рөлі. Қазақстан бұл бағытта әлемде алдыңғы қатарда. Этномәдени бірлестіктер қоғамдық келісімді нығайтуға зор үлес қосып келеді. Сонымен қатар 2027 жылы аталып өтетін Халықтық құрылыс жылының маңызы да сөз болды.
Жиынның екінші бөлігінде азаматтық қоғам өкілдерімен ашық пікір алмасу өтті. Жолдауда белгіленген міндеттер сөз болды. Қатысушылар нақты ұсыныстарын жеткізді. Сарапшылар ел дамуына қатысты бастамаларды жүзеге асыруда қоғамның белсенділігі маңызды екенін атап өтті.