Ұлыстың Ұлы күнін атыраулықтар да кеңінен атап өтіп жатыр

Көңілге көктем еніп, жаңа жылға аяқ басқан жұртшылықтың қуанышында шек жоқ. Әсіресе Исатай-Махамбет алаңында мереке сән-салтанатымен атылып өтуде. 

Бұл 10 күнге ұласқан халықтық мерекенің шарықтау шыңы десек, артық айтқандық емес. Бұған дейін өңірде түрлі шаралар өтті. «Көрісу» күні жастар театры мен облыстың өнерпаздар ұжымы әуежай мен теміржол вокзалына барып, қонақтарды «Амал» мерекесімен құттықтады. Мұнайлы өңірде мыңдаған шетел азаматтары жұмыс істейді. Олар да бүгін «Наурыз» мерекесіндегі ұлттық өнер мен қазақы көңіл күйді тамашалады.  Облыстың бас алаңына жағалай тігілген ақ шаңқан киіз үйлердің құрылысы мен қол өнер шеберлерінің қайталанбас қолтаңбасы олар үшін аса қызықты болды. Енді биылғы наурыз мерекесінің ерекшелігі қандай?

Айтқандай, өткен түні Атырауда осы жылдың алғашқы жаңбыры жауды. Бұған дейін 8 күнге бойы толастамаған шаңды дауыл бүгін сап басылды. Осыдан 2 күн бұрын қараша қаз көрінген. Ырымшыл халық оны да жақсылыққа жорып отыр. Күн мен түн теңесетін, күллі түркі халқы үшін ерекше маңызға ие Ұлыстың Ұлы күнін атыраулықтар осылайша қарсы алды. Көңілдердегі кірбің кетіп, жаңа күннен жақсылық күткен барлық отандастырымызды айтулы мерекемен құттықтаймыз. Ұлыс оң, ақ мол болсын!