Талдықорғанда да Наурыз мейрамы кең көлемде тойланып жатыр
Ұлыстың ұлы күні Әз-Наурыз мерекесі Талдықорғанда да кең көлемде тойланып жатыр. Ат шаптырым аумақта 21 ақшаңқан киіз үй тігілді.
Әрқайсысына ұлт мақтанышына айналған тау тұлғалардың есімі берілген. Тағы үш қазақ үй «Ата заң - ауылы» деп аталады. Онда өңірдің мәдениет, білім, ғылым және инновациялық жетістіктері көпшілік назарына ұсынылып отыр.Технология көмегімен сан ғасырлық тарихымыз, бай өркениетіміз көрсетілді. Заманауи роботтар көрмесі өткізілді. Қолөнер шеберлері мен құсбегілер де салт-дәстүрімізді дәріптеуге үлес қосты. Ал, құрыш білекті жігіттер гір көтеру, қол күрес, садақ ату, арқан тартыс сынды ұлттық спорттан сынға түседі. Апайтөс балуандар «Талдықорған барысы» турнирінің жеңімпазын анықтайды. Көпшілік үшін ән мен биден шашу шашылып, мерекелік тағам «Наурыз көже» берілді.