Әз-Наурыз Таймс-сквер алаңында тойланды

АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы әйгілі Таймс-сквер алаңында Наурыз мейрамы аталып өтті.

Қазақстанның бас консулдығы мұрындық болған іс-шараға дипломаттар, шетелдегі отандастар, студенттер мен қала қонақтары қатысты. 

Мерекелік бағдарлама аясында ұлттық киімдер көрсетіліп, қазақтың дәстүрлі өнері мен мәдениеті таныстырылды. Қазақ елімен жақын танысам дегендерге қажетті ақпарат сақталған QR-коды бар алмалар мен шоколад таратылды. Қонақтарға тұсаукесер рәсімі көрсетіліп, сахнада ән шырқалып, күй күмбірледі. Мейрамның көркін «Әлқисса» балалар ансамблі мен «Жетіген» тобының өнері аша түсті. Құрманғазының «Балбырауыны» мен Әбдімомын Желдібаевтың «Еркесылқымы» орындалды.

Жас өнерпаздармен бірге қазақ музыкасын насихаттап жүрген америкалық музыкант Джефф Герш те өнер көрсетті.

Джефф Герш, музыкант:

- Бүгін әйгілі Таймс-сквер алаңында Наурыз мерекесі қарсаңында Қазақстаннан келген талантты жастармен бірге өнер көрсету бақыты бұйырды. Мұндай ауқымды іс-шараға Нью-Йоркте алғаш рет қатысып отырмын. Бұл мен үшін үлкен мәртебе!

Баян Жұмашқызы, мерекелік іс-шараға қатысушы:

- Бүгін Нью-Йорк қаласында Таймс-скверде АҚШ-тың төрінде Қазақстан консулдығымен, қазақстандықтармен Наурыз мейрамын тойлап жатырмыз. Наурыз құтты болсын, ақ мол болсын! Мына Қазақстан шоколадының артында QR код бар. Осы QR код бойынша өтсе, ағылшын тілінде Қазақстан туралы керемет жақсы информация бар. Қазақстан туралы осыдан көруге болады. Осыны қонақтарға қазір таратамыз.