Е. Ильинский «Қазақстанның Еңбек Ері» атанды
Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен Ерванд Ильинскийге альпинизмдегі жетістіктері, спортты дамытуға қосқан зор үлесі және белсенді қоғамдық қызметі үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілді.
Отандық альпинизмнің аңызы, көрнекті бапкер әрі тәлімгер 40 жылға жуық өмірін спортқа арнап келеді.
85 жастағы Ерванд Ильинскийдің спорт әлеміндегі атағы жер жарады. Ол – халықаралық дәрежедегі спорт шебері, КазКСР-нің құрметті жаттықтырушысы, КСРО-ның бірнеше дүркін чемпионы. Оның отандық альпинизмнің қуатты мектебін қалыптастырудағы үлесі зор. Бұл марапат – көпжылдық еңбектің және Қазақстандағы альпинизм мен спортты дамытуға қосқан орасан үлестің лайықты бағасы.
Ерванд Ильинский, Қазақстанның еңбек ері:
- Бұл – мен үшін күтпеген әрі жақсы марапат болды. Еңбегім бағаланып, дұрыс бағытта келе жатқанымды түсіндім. Альпинизмде барлық сегіз мыңдық шыңдарға көтерілу өте қиын. Алайда осы шыңдарға оттегі аппаратын қолданбай көтерілген шәкірттерім бар.
Ерванд Ильинский 100-ден астам спорт шеберін даярлаған. Соның ішінде халықаралық дәрежедегі 40 және 25 құрметті спорт шебері бар.
Мысалы, Денис Урубко, Мақсұт Жұмаев және Василий Пивцов сияқты альпинистердің ұстазы саналады. Оның басшылығымен Қазақстан құрамасы әлемдегі сегіз мыңдық 14 шыңды бағындарған.
Мақсұт Жұмаев, альпинист:
- Ол кісі мен үшін туған әкемдей қымбат. Себебі мені альпинизм спортына тәрбиелеп, адам болып қалыптасуыма үлкен ықпал етті. Одан бөлек, ол – кеңестік және қазақстандық альпинизмнің аңыз тұлғасы.
Қарт альпинист Қазақстанның 62-ші «Еңбек Ері» атанғаны үшін мемлекет басшысына алғыс білдірді.
Әлемдегі ең биік шыңдарды бағындырған спортшының ендігі арманы – Тянь-Шань тауындағы 7439 метрлік «Жеңіс шыңын» бағындыру.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Әбен Нарымбаев