Талдықорғандық кәсіпкер бие мен сиыр сүтінен ерекше сусын жасап шығарды
Лакторбактерияларды қосу арқылы дайындалатын қымыз іспетті өнім заңдық тұрғыда паттенттеліп, өндірісі жолға қойылды. Ғылымға негізделген ұлттық сусыннан тілшіміз де татып көрді.
Құнары қымыздан кем түспейтін тәтті сусын шығару туралы ой Мадияр Жұматұлына коронавирус пандемиясы кезінде келген. Жұрт жаппай дертке дауа болар ұлттық өнімге ден қойғанда ол ізденісін бастап, бірнеше жылда идеясын іске асырды.
Мадияр Жұматұлы, жоба авторы:
- Қымыз өте пайдалы, бірақ оны әрбірадам іше алмайды ғой. Оны біз заманауи түрде және тәтті дәмді етіп ойластырып халқымызға әкелдік. Құрамында лактобактериялардың бес түрі бар. Бір бактерияны АҚШ-тан әкелдік, ройтери деген денсаулыққа өте пайдалы.
Ерекше сусын Нарынқолдың қымызы мен Текеліден әкелінген сиыр сүтінен жасалады. Таулы аймақтың өнімі әдейі таңдап алынған. Себебі кәсіпкерлерде: «Табыс табумен қатар, ұлт саулығын жақсартуға ықпал етсек», - деген үлкен мақсат бар.
Әйгерім Шаландиева, кәсіпорын директоры:
- Зиянды сусындардың орнына ежелден келе жатқан қымызды заманауи түрде жетілдіріп, таза табиғи түрде халыққа ұсынып отырмыз. Қазір біз ұжым болып, Наурыз мерекесін тойлап отырмыз. Осыған орай қазақ халқының салт-дәстүрін дәріптеп халықтың бай мұрасын насихаттап жүрміз.
Қазан айында ашылған өндірісте күніне 600 литр сусын дайындалады. Өнім облыс аумағында саудаланып, жәрмеңкелерде көпшілік назарына ұсынылады.
Диана Айдарханова, кәсіпорын қызметкері:
- Негізгі мақсат - шет мемлекеттерге шығу. Ол Қытай, Өзбекстан, өзіміздің жанымыздағы шетелдерге шығу, Қазақстан өнімдерін таныту.
Өзбекстанға алғашқы сүт өнімі биыл жазда жіберіледі. Сусын өндірушілер енді жеткізу ісін жүйелі жолға қойып, өндіріс қуаттылығын арттырмақ.
Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев, Жеңіс Әбдрешов