ШҚО-да үшінші әуежай салына ма?

Шығыс Қазақстан облысының тағы бір туристік ауданында әуежай салу бастамасы көтерілді.

Жергілікті кәсіпкер Парыгино ауылы маңындағы ескі аэродром орнын қайта жаңғыртып, қалыпқа келтіру туралы ұсыныс білдірген. Өз кезегінде аудандық әкімдік те жан жақты қолдау көрсетуге дайын. Жалпы облыста онсызда екі әуе айлағы салынып жатыр. Ендеше үшінші нысанды салу қаншалықты қажет? 

Қатонқарағайға барар жолдағы Алтай ауданының табиғаты тамаша. Орман-тауын, бақша-бауын айтпағанда, бойы туристерден босамайтын Бұқтырма су қоймасы бар. Жаз бойы жүздеген мың адам демалады. Жергілікті жұрттың айтуынша, бұрын осы ауданда шағын әуежай болған. Өлкедегі кәсіпкерден сол тарихи нысанды қайта жаңғырту туралы ұсыныс түсті. Әкімдік қаржы құйып, іс бастаймын деген жанға құжаттар бойынша қолдау көрсетуге дайын.

Ерік Ерболатов, Алтай ауданы Кәсіпкерлік және туризм бөлімінің басшысы:

- Бұрын көптеген әуе жолы болды ғой. Өте пайдалы деп ойлаймын. Өйткені көлікпен жүргенше, өздеріңіз білесіздер, әуе жолымен жүретін туристерді, демалатын және  басқа да тұлғалардың сұраныстары бар. Сондықтан біздің ойымызша артық болмайды деп ойлаймын.

Бұл бастама әзірге өтініш ретінде тіркеліп, қаралып жатыр. Қазір облыс аумағында екі әуежайдың құрылысы қарқын алған. Оның бірі Алтай арқылы өтетін Қатонқарағай ауданында, екіншісі - Зайсанда салынуда. Зайсандағы нысан 60 процентке дайын болса, Қатонқарағайдағы жұмыстар сәл кешігіп жатыр. Бұның да себебі жоқ емес.

Айжан Құмарова, Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Қатонқарағайда барлығы жаңадан салынып жатыр. Ол жерде бұрын-соңды ондай нысан болмаған. Зерттеу жұмыстары да ұзақ жүрді. Ал Зайсанда әуежай бұрынғы әскери аэродром орнынан бой көтерді. Яғни қанша дегенмен, бұл ыңғайлы, сондықтан ол ауданда жұмыс тез жүріп жатыр.

Екі халықаралық әуе айлағын мықты мамандармен қамту да маңызды. Сондықтан Өскемен әуежайы базасында 46  қыз-жігіт қысқа курстан өтіп жатыр. Олар жолаушыларды қарсы алудан бастап, тексеру-қадағалау, шығарып салуға дейінгі қызмет түрлерін меңгеріп шығады

Арайлым Есімбекова, Еңбек мобильдігі орталығының директоры:

- Қазір бірнеше бағытта бұл кісілер бірнеше кезеңнен өтіп, тестілеу кезеңіне жетіп жатыр. Осы тестті сәтті аяқтаған біздің қыз-жігіттеріміз қолдарына сертификатын алып, халықаралық әуежайға жұмыс істеуге жолдама алатын болады.

Қос әуе айлағын салуға жалпы 120 миллиардқа жуық теңге бөлінді. Қатонқарағайдағы нысан қыркүйек-тамызда, ал Зайсан әуежайының құрылысы мамыр-маусым айларында аяқталады деп жоспарланған.

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов