Түркияда Ұлыстың ұлы күні тойланды
Анкарада тұратын қазақстандықтар мен жергілікті тұрғындар бас қосқан шарада түркі тілдес елдердің ұлттық құндылығы ұлықталып, төл мәдениеті дәріптелді.
Ел астанасындағы жоғары оқу орнында өткен мерекелік шараға сол елдегі тілшіміз Әсия Нұрлыбаева да қатысып қайтты.
Ұлыстың ұлы күні Анадолы жерінде кеңінен тойланып, халық арасында бұқаралық сипатқа ие бола бастады. Сондықтан болар кейінгі жылдары жергілікті халық мерекені ерекше ықыласпен қарсы алады. Әсіресе жоғары оқу орындары мен түркі әлемін зерттеу орталықтарында Наурызды тойлау игі дәстүрге айналған. Қажы Байрам Вели университетінде ұйымдастырылған тағылымды шара – соның айғағы.
Жемиле Қынажы Баран, Түркі әлемі қолданбалы және зерттеу орталығының директоры:
- Наурыз – Ұлыстың ұлы күні. Сол себепті соңғы бірнеше жыл болды Түркияда да біз Наурызды салтанатты түрде құттықтаймыз.
От жағып, алаудан аттап өту – Наурыз мерекесіндегі көне салт-ғұрыптардың бірі. Анадолы түріктері осы салтты орындау барысында іштей тілек тілеп, жаңарған тіршіліктен жақсылық пен үміт күтеді. Мереке барысында көне спорт түрлері де жаңғыртылды. Әсіресе түркі халықтарына ортақ садақ ату дәстүрі көптің назарын аударды.
Игит Забун, Садақ ату қауымдастығының мүшесі:
- Қазақ пен түріктің садақ ату дәстүрі өте ұқсас. Түріктердің түп-тамыры Орталық Азиядан тарайды. Сондықтан болар қолданылатын садақ пен жебе де, тарту тәсілі де бір-біріне жақын. Көшпенді өмір салтын ұстанған халықтар үшін садақ ажырамас серік болған. Осындай мерекелер арқылы біз ұмыт бола бастаған дәстүрлерімізді қайта жаңғыртып, дәріптейміз.
Мерекелік кеште түркі халықтарының ән-күйі әуелеп, ұлттық биі көрсетілді. Сонымен қатар бауырлас елдердің фотокөрмесі көпшілік назарына ұсынылды. Қазақ мәдениетіне арналған экспозиция да келушілердің қызығушылығын арттырды. Оны университетте білім алып жатқан студенттер ұйымдастырған.
Хазал Варгелоғлұ, Анкара қажы Байрам вели университетінің докторанты:
- Бүгін Наурызды университетімізде тойлап жатырмыз. Керемет тойлап жатырмыз. Ұлыстың ұлы күні Наурыз құтты болсын. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!
Анкарадағы мерекелік шараға Астана мен Алматыдан келген отандастарымыз да қатысты. Бірі саяхаттап, енді бірі дәл осы оқу орнында тағылымдамадан өту үшін келген.
Алма Қалелқызы, Астана қаласының тұрғыны:
- Мұнда Түркия елінде осы университетке келіп, арнайы шақырумен көрейік деп келіп отырмыз. Студенттердің, жастардың деңгейі өте жоғары екен. Концерт көріп, тамашалап отырмыз. Бірақ, дегенмен, біз көшеде жүргенде дәл біздегі сияқты жалпылықты байқамадық.
Айман Ақсақова, Қазақ ұлттық университетінің докторанты:
- Бұл жақта наурыз көже, ұлттық ойындар ондай қаралмайды екен. Жалпы бұл жерде жан жақты халықтардың дастархандары жайылды университетте. Түріктердің Наурызын тойлауда алғаш рет куә болып отырмын. Өте керемет мен үшін.
Анадолы төрінде өткен әз-Наурыз түркі халықтарының рухани тамырын қайта жаңғыртқан тағылымды мерекеге айналды. Мейрам бауырлас елдерді бір арнаға тоғыстырып, бірлік пен берекенің маңызын тағы бір мәрте паш етті.
Әсия Нұрлыбаева, Ж.Сүйіндіков